Павлодар облысының 1400-ден астам тұрғыны жаңа қаржы пирамидасының құрбаны болды

Алматыда қаржылық пирамиданың ұйымдастырушылары ұсталып, 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Asar Baspana» компаниясы салымшыларға жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын, сондай-ақ тұрмыстық өнімдерді (биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және басқа да тауарлар) сатып алу үшін қаражат салуды, жаңа клиенттерді тартуды ұсынған, ал қарымына ай сайын салынған соманың 30 пайызына дейін пайда табуға уәде берген.
Еліміз бойынша барлығы 200 мыңнан астам салымшы болған. Көбі –зейнеткерлер.
Компанияның республика бойынша 48 филиалы жұмыс істеген, оның үшеуі – Павлодар облысында.
– Павлодар облысы бойынша барлығы 1400 салымшы тіркеліп, белгіленді. Қаржы пирамидасының екі ұйымдастырушысы ұсталды. Оларға қатысты сот бұлтартпау шарасын – екі ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, – деді Павлодар облысы экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ғалиаскар Қасымов.
Компаниялардың кеңселерінде және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 миллиард теңгеден астам сомада қолма-қол ақша және ішінде премиум класты көліктер бар 13 автокөлік тәркіленді.