Павлодарда «Қазақстан балалары» жоспарын іске асыру басталды

Павлодарда «Қазақстан балалары» жоспарын іске асыру басталды
Фото: ЖИ

Өңірде 2026–2030 жылдарға арналған жоспар аясында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау шаралары күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құжат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға, тәуекелдердің алдын алуға және қолдау жүйесін дамытуға бағытталған.

Өңірде 4,1 мыңнан астам отбасы мен 200 мыңнан аса бала бар. Кешенді қолдау көрсету үшін 13 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Отбасы институтын нығайту мақсатында некеге дейінгі кеңес беру және «Ата-аналар академиясы» жобасын кеңейту көзделген.

Сонымен қатар, облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдайтын сегіз мамандандырылған ұйым бар. 2025 жылғы дерек бойынша бұл мекемелерде 384 бала тәрбиеленіп, олардың 75-і отбасыларға орналастырылған. Бұл отбасылық тәрбиенің басымдығын іске асыру бағытындағы оң нәтижелердің бірі ретінде бағаланады.

Өңірде балалардың панасыздығы мен құқық бұзушылықтарының алдын алу, қиын жағдайдағы отбасыларды қолдау жұмыстары күшейтілді. Бұл бағытта білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары, құқық қорғау құрылымдары мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуде.

Жоспарда сондай-ақ мектептерде стоматологиялық алдын алу кабинеттерін ашу, инклюзивті және түзету сыныптарын көбейту, зорлық-зомбылық құрбандарына арналған көмек кабинеттерін құру, балалар демалысына арналған қауіпсіз су айдындарын ұйымдастыру қарастырылған. Бұдан бөлек, балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуға бағытталған «Терезе-SAFE» республикалық науқаны енгізілмек.

Балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланған. Қазірдің өзінде пилоттық жоба ретінде Павлодар қаласындағы №48 мектепте осындай камералар жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ ерекше назарды қажет ететін балаларды ерте анықтау және қолдау үшін мектептерде педагогтар, психологтар және ата-аналардың қатысуымен жеке профилактикалық жоспарлар әзірленуде. Бұл шара тәуекел тобындағы оқушыларға уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жалпы, өңірлік жоспар 70 іс-шара мен 10 тиімділік индикаторын қамтып, балалардың құқықтары мен денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған.