Павлодарлықтардың МӘМС-ке төлеген ақшасы қайда сақталады?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры активтерін қайда орналастыратынын айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Барлық жарналар мен аударымдар Ұлттық банктің арнайы шотына түседі, ал сол жерден халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры инвестициялық қызметті қордың активтерін (МӘМС қаражатын) Ұлттық Банк арқылы қаржы құралдарына орналастыру жолымен жүзеге асыратыны көрсетілген. Бұл ретте қор мен Ұлттық Банк арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды.
– Ұлттық Банк МӘМС есебінен көрсетілген медициналық қызметтерге төленгеннен кейін қалатын ақшаны қаржы құралдарының бекітілген тізбесіне сәйкес қатаң түрде бағалы қағаздар мен депозиттерге орналастырады. Бұл инвестициялық табыс алуға, яғни МӘМС жүйесінің жинақталған активтерінің сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде тек медициналық қызметтерге ақы төлеуге бағытталады және қордың қажеттілігіне жұмсалмайды. Осы ретте қор МӘМС қаржысын өз еркімен орналастырмайды, – деп түсіндірді қорда.
1 қаңтардағы жағдай бойынша 2017 жылдан бері жинақталған МӘМС активтерінің қалдығы 933 миллиард теңгені құрады.
Ағымдағы жылдың төрт айында қорға 441 миллиард теңге МӘМС жарналары мен аударымдар түсті, оның ішінде 42 миллиард теңге сомасына инвестициялық табыс алынды. Бұл ретте медициналық көмекке ақы төлеуге жұмсалған шығыстар 354 миллиард теңгені құрады. Осылайша, 1 мамырдағы жағдай бойынша қор активтерінің қалдығы – 1020 миллиард теңге.
Ұлттық Банк МӘМС активтерінің бұл қаражатын Ұлттық Банктің қысқа мерзімді депозиттеріне – 171 миллиард теңге, орта және ұзақ мерзімді облигацияларға – 108 миллиард теңге және мемлекеттік бағалы қағаздарға 741 миллиард теңге сомасында орналастырды.
– 2023 жылы алынған инвестициялық табыс 113 миллиард теңгені құрады, яғни МӘМС пакетінің бюджетіне қосымша 113 миллиард теңге түсті. Айта кету керек, 2022 жылмен салыстырғанда инвестициялық кіріс 1,6 есе өсті. Бұл қаражат МӘМС-тің қалған активтерімен бірге 2024 жылдың басында медициналық ұйымдармен 2024 жылға жасалған шарттар бойынша 30% мөлшерінде аванс төлеуге бағытталды, – деді қорда.
МӘМС қаражатын тиімді сақтаудың бұл тетігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманы бекіту кезінде қаланды және жүйенің активтерін, оның ішінде жыл сайын көрсетілетін медициналық қызметтердің санын ұлғайтуға және қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржы-шаруашылық қызметі және МӘМС активтері бойынша жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізіледі. Жыл қорытындысы бойынша қаржылық есептілік ҚР Қаржы министрлігінің депозитарийінде және Қордың ресми сайтына орналастырылады.
Сондай-ақ, қор ҚР Үкіметінде және ҚР Үкіметінің шоғырландырылған есептілігі шеңберінде ҚР Парламенті депутаттарының алдында үнемі есеп береді.