Жаңа көпірдегі өрт: зардап шеккен павлодарлық ауруханадан шықты
Ер адам емді амбулаторлық түрде жалғастырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық №1 ауруханасының мәліметінше, науқас бірнеше күн терапия бөлімінде болған. Қазіргі уақытта ол қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Енді оның денсаулығын тұрғылықты жері бойынша емханада терапевт бақылауда ұстайды.
Белгілі болғандай, 2005 жылы туған ер адам жаңа көпірдегі өрт кезінде зардап шеккен. Жедел жәрдем бригадасы оны орташа дәрежедегі көміртек тотығымен улану диагнозымен қалалық №1 аурухананың қабылдау бөліміне жеткізген.
Еске сала кетейік, Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпірде үш рет өрт болды. Біріншісі 31 қаңтарда, кейін 1 ақпанда және 21 сәуірде. Соңғы өрттің шығуына дәнекерлеу кезінде пайда болған ұшқындардың №4 тіреудегі ағаш қалып элементтеріне түсуі себеп болған.
«Қазахдорстрой» ЖШС қосымша қаржыландыру мен жоба құнын қайта қарау қажет емес екенін мәлімдеді, барлық зақымданған бөліктерді мердігер ұйым қалпына келтіреді.