Павлодар облысының әкімі жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды
Облыс әкімі арнайы жедел желіні іске қосуды жүктеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңес барысында оқу жылының аяқталуы, оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру және жоғары сынып оқушыларын жұмыспен қамту мәселелері қаралды.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, өңір оқушыларының контингенті 116 мың балаға тең. 26-30 мамыр аралығында басталатын 1-8 және 10-сынып оқушыларына арналған жазғы мектеп өз жұмысын демалыс соңында – 26-30 тамызда жалғастырады.
Тағы бір жаңашылдық – 27-31 мамыр аралығында 5-8 және 10-сыныптар үшін қазақ тілінен емтихандар ұйымдастырылады, барлығы ерікті негізде болады.
9 және 11-сыныптарға арналған мемлекеттік емтихандар 28 мамырда басталып, 11 маусымға дейін жалғасады. Айта кетейік, өткен жылмен салыстырғанда 9-сынып түлектерінің саны 457 адамға артып, 10 778 адамға жетті, ал 11-сынып 298 адамды құрап, 4 322 болды.
– ҰБТ тапсыру 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеуге 3 647 адам немесе барлық түлектердің 84 пайызы қатысады деп жоспарлануда, – деп атап өтті Самал Айтқазина.
Оқу жылы аяқталғаннан кейін мектептерде 467 лагерь мен отряд жұмыс істейді. Оларда 56 184 оқушы демалып, білім алады. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар колледжі жанынан 5-8-сынып оқушыларына арналған ІТ-мектебі, педколледжде шет тілдері курстары, ТжКБ-бейінді лагерьлер ашылады.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың демалуы үшін 252 миллион теңге бөлінді. Осындай отбасылардан барлығы 12 мың бала қамтылады.
Жазғы уақытта облыс бойынша тоғыз мыңға жуық жоғары сынып оқушысы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Оқушылар елді мекендерді көгалдандырумен және абаттандырумен айналысады. Бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардың балалары жұмысқа орналасады.
Облыс әкімі Асайын Байханов қауіпсіздікке ерекше назар аударып, демалыс уақытында толыққанды демалысты қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ білім беру басқармасына ата-аналар қажетті көмек алуға жүгіне алатын жедел желі телефонын әзірлеуге тапсырма берді.
Сонымен қатар облыс әкімі Павлодар қаласы, Баянауыл, Ақтоғай, Шарбақты, Тереңкөл аудандары әкімдеріне жоғары сынып оқушыларына арналған уақытша жұмыс орындарын дер кезінде ұйымдастырмағаны үшін ескерту жасады.
– Бұл – өте өзекті мәселе. Балалардың ата-аналарына тікелей эфир ұйымдастырып, сұрақтарға тиянақты жауап беру керек. Ешбір бала назарсыз қалмауы тиіс. Көп балалы, аз қамтылған отбасыларды жеке тексеруді тапсырамын. Кешке рейдті күшейтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек, – деді Асайын Байханов.
Соңында аймақ басшысы қалалар мен аудандардың әкімдерінен, ЖПҚ қызметі мен ТЖ органдарынан шомылу маусымы кезінде су айдындарында бақылауды күшейтуді талап етті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына балалардың демалыс орындарын бақылау тапсырылды.