Павлодарлық белгілі композитор тұрғындарды сенбілікке шақырды
Бүкіл облыс бойынша осы сенбіде ауқымды тазарту жұмыстары өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.тілшісі.
Сәуір айының басынан бастап аймақта абаттандыру және санитарлық тазалау айлығы басталды. Екі рет ауыстырылған жалпы облыстық сенбілік 29 сәуір күні өткізілетін болады. Белгілі әнші және композитор Серік Мүсәлімов қала тұрғындарын сенбілікке белсенді қатысуға шақыруға.
– Сүйікті қаламызға бей-жай қарамайтындардың барлығы сенбілікке шығып, жұмыс істегенін қалаймын. Павлодар әрқашан таза қала ретінде танымал болған. Сенбілікке шығу – өзіңіз және қала үшін пайдалы іс жасау дегенді білдіреді, – деп Серік Мүсәлімов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында белсенділік танытуға шақырды.
Павлодар қаласының ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайыновтың айтуынша, қала бойынша сенбіліктерге белсенді қатысатын тұрғындардың саны өсуде.
– Жыл сайын сенбілікке қатысатын тұрғындардың саны артады. Тіпті, адамдар өзара топтар ұйымдастырады. Статистика бойынша әдетте сенбілікке 30 мыңнан астам адам шығады, – деп атап өтті спикер.
Арман Құсайыновтың айтуынша, қызмет көрсететін ұйымдармен бірге қоғамдық бірлестіктер, жастар, спорт ұйымдары сенбілікке қатысады. Жалпы облыстық сенбілікте Спорт сити ауданында 200 қылқан жапырақты ағаш отырғызу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, абаттандыру және санитарлық тазалау айлығы кезеңінде қала бойынша 100-ден астам техника жұмылдырылады. Сондай-ақ, тұрғындар өз ауласынан қоқыс шығаруға өтініш қалдыра алады. Өтінімдер WhatsApp және телефон арқылы қабылданады.
Фото: Константин Шелков