Павлодарда ұлын аяққа тұрғызған остеопат оңалту орталығын ашты

Павлодарда ұлын аяққа тұрғызған остеопат оңалту орталығын ашты
Фото: Есенжол Исабек

Диана Дерепаско өзінің жеке басынан өткен ауыр жағдайдан кейін оңалту орталығын ашуға бел буған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Остеопат маман 2009 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істей бастаған. Басында ол жалға алынған ғимаратта психикалық дамуындағы кідірісі, церебральды сал ауруы, аутизм, Даун синдромы бар балаларды емдеп жүрген.  Жылдар бойы жинақтаған қаражатына 2021 жылы оңалту орталығын ашу мақсатында жеке ғимарат сатып алып, жөндеу жасаған.

Ал биыл сәуір айында кәсіпкер «Даму» қорының қолдауымен 6% жылдық мөлшерлемемен  бес жылға 60 миллион теңге сомасында құрал-жабдықтарды алу үшін  несие рәсімдеген. 

– Жыл өте келе келушілер мен мамандардың саны артып келе жатты. Сондықтан да бөлек бір жер болғанын қаладым. Осылайша екі қабатты нысан сатып алып, қайтадан бәрін нөлден тұрғызып, үш қабатты оңалту орталығын аштым. Ал мемлекеттік қолдаудың арқасында құрал-жабдықтар алдым, – деді орталықтың басшысы Диана Дерепаско. 

Кәсіпкер оңалту іспен айналысуға жеке басынан өткен жан түршігерлік жағдай себепші болғанын айтады. 

– Кезінде невропатолог 13 жастағы ұлыма мануалды терапевтке баруға кеңес берді. Қабылдауда мануалды терапевт ұлымды жатықызбай, тұра сала мойнын шығарып алды. Ол есінен танып, ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқан. Оны аяққа өзім тұрғызып алдым. Сол кезден бастап осындай балаларға көмектесуді жөн көрдім, – деп еске алады Диана Дерепаско.

 «Диана Дерепаско оңалту орталығы» ЖШС  емдік дене шынықтыру, массаж, бобат-терапия, АВА-терапия сияқты қызметтер көрсетеді. Оған бір айлық сәбиден 18 жасқа дейінгі балалар барады. Мәскеуде оқытылған білікті мамандар күніне 40-50 баланың денсаулығын жақсартуға тырысады. 

– Бізде тұзды бөлме, сауна, бассейн бар. Арнайы тактильді сенсорлық бөлмеде балалар қолмен ұстап, дыбыстарға назар аударады. Ол жердегі барлық құрал-жабдықтарды түнімен ұйықтамай өзіміз қолдан жасап шықтық, – деді Диана Дерепаско.

Алдағы уақытта кәсіпкер «Даму» қорынан орталықта балаларға арналған жеке бөлмені ашу және су, кәріз және жылу жүйесін өткізу үшін субсидия алғысы келеді.