Павлодар облысында саз балшықты заңсыз өндіру фактісінің жолы кесілді
Тексеру барысында тұрғынның саз балшықты жеке қажеттілігі үшін қазып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүргізілген рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Рейд барысында Май ауданында полиция қызметкерлері саз балшықты заңсыз өндіру және тасымалдау фактісінің жолын кесті. Тәртіп сақшылары саз балшық тиелген «УАЗ» автокөлігін тоқтатты. Көлік құралынан шамамен 800 келі саз балшық анықталды. Тексеру барысында жергілікті тұрғынның Ақшиман ауылдық округінің аумағынан саз балшықты жеке қажеттілігі үшін өз еркімен қазып, көлікке тиегені анықталды.
— Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тиісті материалдарды жинақтап, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жолдады. Тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын сақтауға, табиғи ресурстарды өз бетінше өндіруге жол бермеуге, сондай-ақ жер қойнауы мен жер учаскелерін пайдалануға байланысты кез келген жұмыстарды жүргізу алдында қажетті рұқсаттардың бар-жоғын алдын ала анықтауға шақырады, - делінген хабарламада.
«Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған ішкі істер органдары қызметінің негізгі ұстанымы болып қала береді. Заң талаптарын бұзған тұлғалар өз әрекеттері үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.