Павлодар облысында сілеусіндер көбейіп, ақ қояндар азайған

Жергілікті тұрғындар мен орманшылар оларды жиі байқай бастаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс аумағында жабайы жыртқыштар тек ерекше қорғалатын табиғи аумақта – Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында мекендейді. Өңірде сілеусіндердің алтай түрі ғана кездеседі.
– 2024 жылы облыста барлығы – 117 сілеусін, оның ішінде «Ертіс орманы» резерватында – 75 және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 42 сілеусін болған. Егер ұлттық паркте сілеусін саны тұрақты болса, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында сілеусіннің айтарлықтай өсуі байқалды. Оларды жергілікті тұрғындар мен орманшылар жиі байқай бастады, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында.
Статистикаға сүйенсек, өңірде 2023 жылы – 94, 2022 жылы 104 сілеусін тіркелген. Мамандардың пікірінше, сілеусіннің көбеюіне Алтай өлкесінен қоныс аударулары, ормандарымыздағы азық-түлік базасының ұлғаюы және алаңдаушылық факторларының болмауы, яғни қасқырлар санының азаюы себеп болған. Бұл ретте, ормандағы сілеусіннің өсуіне байланысты ақ қоянның да саны азайған.
– Сілеусіндер қаңтардың аяғынан наурызға дейін жұптасады. Жүктілік екі-үш айға созылады. Күшіктері мамыр-маусым айларында пайда болады. Аналық сілеусін бірден үшке дейін, кейде төрт күшікке дейін туады. Екі жасында сілеусін ересек жануар болып саналады және 15-20 жылға дейін өмір сүреді, – деді аумақтық инспекцияда.
Айта кетейік, сілеусін – мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Оның ұзындығы – шамамамен 87-104 см, құйрығы – 20-31 см, салмағы – 13-23 кг. Қазақстанда үш түр тармағы бар. Олардың саны аз болғандықтан, Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның қызыл кітабына енген. Олардың тырнақтары мен тістері өткір, көзі өте қырағы, есту қабілеті де жақсы дамыған. Жүрген кезде дыбыс шығармайды. Ағашқа, жартастарға жылдам өрмелеп шыға алады. Қатты секірген кезде 3,5-4 метр қашықтықты қамтиды. Қорек іздеген кезде тәулігіне 10-15 шақырым жерге бара алатын көрінеді. Сілеусін көбінесе қояндарды, еліктерді, түлкілерді, жас бұғы төлдерін аулайды. Сондай-ақ, сілеусін өлген малдан бас тартпайды. Сілеусіннің жаулары – қасқырлар, түлкілер, бүркіттер.
Павлодар облысында сілеусіндерді жасанды өсіру жүргізілмеген. Сондай-ақ, оларды аулау фактілері де тіркелмеген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда барлық жануарларды аулауға тыйым салынады.