Павлодарлықтар шетелдегі жылу желілерін автоматтандырумен танысты
Цифрлық технологиялар мамандарға ақауларды қысқа мерзімде анықтап, жұмыс режимдерін бақылап, басқаруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар Казань, Саранск және Набережные Челны қалаларындағы жылу желілерін автоматтандырылған басқару жүйелерін зерттеді.
Зерттеу үшін бұл қалалар кездейсоқ таңдалған жоқ. Казань мен Саранск қалаларында жылумен жабдықтауды автоматтандыру бойынша ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Набережные Челны қаласында тұтынушыларға жылу энергиясын тасымалдау процесін автоматты басқару, ақпарат жинау, оны талдау және автоматты режимде жылу желілерінің режимін жүргізуде айтарлықтай ілгерілеу байқалады.
– Екі жобаны іске асырғаннан кейін бізде жылу желілерінің цифрлық моделін құру алғышарттары пайда болды. Бұл №2/3 сорғы станциясы, №6 айдаушы сорғы станциясы. Екі станция да автоматтандырылған. Ал биыл біз тағы бір объект – №3 сорғы станциясын пайдалануға енгізуді жоспарлап отырмыз, – деп баяндады «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары – бас инженер Вадим Лесин.
Жылу желілері мамандары Павлодарда жылу тасымалдағышты әр тұтынушыға дейін тасымалдау жүйесін автоматтандыру қажеттілігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, мамандар жылу желілерін гидравликалық есептеуге арналған бағдарламалар жиынтығы – «ZuluThermo» заманауи бағдарламалық жасақтамасының артықшылықтарын да атап өтті.
– Осы бағдарламаның көмегімен және тұтынушылардың жылу желісінің әр учаскесі үшін нақты деректер базасына ие бола отырып, біз гидравликалық режимдердің математикалық модельдерін есептеп, қай режимнің ең қолайлы екенін біле аламыз, – деп түсіндірді «Павлодарэнерго жылу желілері» ЖШС бас инженерінің пайдалану жөніндегі орынбасары Павел Плетухов.
Сапар соңында Вадим Лесин алынған әзірлемелерді климаттық аймақ пен іске асыру мүмкіндіктерін ескере отырып қолдануға уәде берді.