Павлодарда өңірдің үздік жас бағдарламашылары анықталды

Павлодарда өңірдің үздік жас бағдарламашылары анықталды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай интеллектуалды дода ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 наурыз күні ақпараттық технологиялар орталығы 5-9-сынып оқушылары арасындағы бағдарламалау бойынша облыстық олимпиадасын өткізді.

Олимпиадаға қатысу үшін облыстың жалпы білім беретін және мамандандырылған  мектептерінен 261 өтінім берілді. Облыстық олимпиада екі кезеңде өткізілді. І қашықтық іріктеу кезеңіне 164 оқушы қатысты. Қалалық С.Торайғыров атындағы жалпы орта білім беретін мектепте олимпиаданың ІІ ақтық кезеңіне 62 оқушы  қатысты. Қатысушылар жақсы білімдерін көрсетіп, олимпиадаға дайындықпен келді, – дейді ұйымдастырушылар.

Ұзақ интеллектуалды жарыс нәтижесінде бірінші орынға Павлодар қаласы №17 ЖОМ 5-сынып оқушысы Марк Горелов және 9-сынып оқушысы Виктор Осевич, дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 6-сынып оқушысы Ерболат Шәріпхан, дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Әлихан Қайролла ие болды.

Екінші және үшінші орынды Баянауыл ауданы, Шапық Шөкин атындағы №2 ЖОМ, «Жас дарын» мамандырылған мектебі, Павлодар қаласы №29 ЖОМ, №17 ЖОМ, №26 ЖОМ, дарынды балаларға арналған №8 лицей мектебі, дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының оқушылары алды.

  • «Тапқыр оқушы» номинациясы Павлодар қаласы Қ.Бекхожин атындағы ЖОМ 9-сынып оқушысы Абай Қален,  Ж.Ташенов атындағы ЖОМ 9-сынып оқушысы Бектас Халел, дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Әлкей Хамитов,  дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Илана Чашкинаға берілді;
  • «Жас бағдарламашы» номинациясы Павлодар қаласы Б.Момышұлы атындағы ЖОМ 6-сынып оқушысы Серік Ануар,  Екібастұз қаласы көпсалалы бағыттағы №24 ЖОМ 7-сынып оқушысы  Аделина Жакенова,  дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 7-сынып оқушысы Мансұр Досанұлы, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 6-сынып оқушысы Аңсар Әбілқасанға табысталды;
  • «Талпыныс» номинациясы Екібастұз қаласы №18 ЖОМ 7-сынып оқушысы Даниял Нұрымжан, Павлодар қаласы №2 ЖОМ 8-сынып оқушысы Азамат Серік, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Ансар Мәңгіліков, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 9-сынып оқушысы Мансұр Мырзабековке берілді.

Олимпиаданың салтанатты жабылу кешінде қатысушыларға облыстық орталық сертификаттары табысталды, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер Білім беру басқармасының дипломдарымен және сыйлық сертификаттарымен марапатталды.