«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не 27,6 млн теңге сомаға айыппұл салынды
Кәсіпорын қысқартылған тәртіппен аталған соманың жартысын төледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, ведомство мамандары Екібастұз қаласының прокуратурасы жүргізетін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің қызметін тексеру аясында монополисті табиғи монополиялар саласындағы заңдылықты сақтауын тексерді.
– ТМРКД әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің бекітілген температуралық кестенің параметрлерін жүйелі түрде сақтамауын, яғни 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымында Екібастұз қаласының тұрғындарына жылу энергиясын сапасыз жеткізуін ескере отырып, бес әкімшілік іс жүргізуді қозғау шараларын қабылдады. Құқық бұзушылықтар жиынтығында осы баптың санкциясы 27 600 000 теңге мөлшерінде айыппұл көздейді.
Кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 811-бабына сәйкес, қысқартылған тәртіппен 7 тәулік ішінде айыппұл сомасының 50% мөлшерінде 13 800 000 теңге айыппұл төледі.