Павлодардың бас дәрігері медициналық зертхана жұмысын саралады
Сапар барысында заманауи диагностиканың қолжетімділігі мен скринингтік бағдарламалардың тиімділігіне баға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Күшіков жұмыс сапары барысында «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасының қызметімен танысты.
– Бүгінгі таңда мұнда жалпы қан талдауынан бастап генетикалық тесттерге дейінгі 3 200-ден астам түрлі медициналық зерттеулер қолжетімді. Әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары қаупін бағалау, диабетті, инфекциялық және аллергиялық жағдайларды диагностикалау, сондай-ақ онкологиялық маркерлерді анықтау бойынша зерттеулер жүргізіледі, – деді өңірдің бас дәрігері.
Жатыр мойны обыры скринингі аясында 2025 жылы мұнда 17 877 зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде 2 536 патологиялық өзгеріс жағдайы анықталды.
Ермек Күшіковтың айтуынша, бұл зертханалық қызметтің аурулардың алдын алу мен ерте диагностикалау жүйесіндегі маңыздылығын дәлелдейді және өз кезегінде емнің уақтылы басталуына және өмірді сақтауға тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, бұл – бизнес пен мемлекет серіктестігінің айқын үлгісі, себебі талдаулардың басым бөлігін емделушілер МӘМС есебінен тапсыра алады.