Павлодарда сүйектері әлсіз тұрғындар еш қорықпастан ота жасата алады
Он маман шетелдік хирургтың жетекшілігімен біліктіліктерін арттырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Санкт-Петербург қаласынан келген дәрігер павлодарлық әріптестеріне паратироидэктомия – қалқансерік бездерін жою бойынша екінші шеберлік сабағын өткізді. Биыл ақпанда №1 қалалық аурухананың бес хирургы, ал сәуірде тағы бес маманы оқудан өткен болатын.
Ота паратиреоидты гормон деңгейін қалыпқа келтіру үшін гемодиализ алатын созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға жасалады.
– Адам ағзасындағы паратироид гормонының деңгейі тым жоғары болады. Сүйектерден кальций кетіп, сынғыш, әлсіз бола бастайды. Ал хирургиялық араласу бүйрек жеткіліксіздігінен туындаған фосфор-кальций алмасуының бұзылуын қалпына келтіру үшін қажет. Сынықтардың алдын алу және сүйек тығыздығын қалпына келтіру үшін жалпы паратироидэктомия жасау керек, – дейді жоғары медициналық технологиялар клиникасының онколог-хирургі Константин Новокшонов.
Дәрігер екі күндік шеберлік сабақ барысында жергілікті мамандарға қалқансерік бездерін қалай тауып, алып тастау керектігін түсіндірді. Хирургтарға отаны науқастың жүйкесі, тамыры мен дауыс желбезегіне зақым келтірмей, абайлап, аса жауапкершілікпен жасау міндеттері жүктеледі.
– Процедура адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты қырық минуттан екі сағатқа дейін созылуы мүмкін. Операциядан кейінгі алғашқы екі күнде кальций препараттарын қабылдау керек. Анализдер қалыпқа келгенде оларды қабылдаудың қажеті жоқ. Әрі қарай науқастардың жағдайын нефрологтар қадағалайды, – деді №1 қалалық аурухананың эндоскопиялық хирургі Тасқын Рүстемов.
Айта кетейік, ауруханада дәл осындай оталар МӘМС арқылы жоспарлы түрде жүргізіледі.