Павлодар облысының әкімдігі Астана медорталығымен меморандумға қол қойды

Павлодар облысының әкімдігі Астана медорталығымен меморандумға қол қойды
Фото: Константин Шелков

Серіктестік өңірдегі денсаулық сақтау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірнеше күн бойы елордалық нейрохирургтер павлодарлық әріптестерімен бірлескен ота мен шеберлік сыныптарын өткізді. Тәжірибе алмасу нәтижесінде ҚР Президенті басқармасының медициналық орталығы мен Павлодар облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Серіктестік жергілікті дәрігерлерді жаңа әдістемелерге үйретуге, өңірдегі медицина сапасын арттыруға және жоғары технологиялық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі елордалық мамандардың емделушілерге сервистік көзқарасын атап өтті.

– Қандай да бір мәселе шешіле бастауы үшін оның бар екенін мойындау керек. Бізде шешуді талап ететін белгілі бір қиындықтар бар: менеджменттің ескіруі және емдеу ұйымдарын басқару тәсілі, – деді Асайын Байханов.

Астана медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың айтуынша, павлодарлық дәрігерлер өз ісін жақсы көретін білікті мамандар. Қонақтар бірлескен оталардың кезінде бұған көз жеткізді. Алексей Цой осындай кездесулерді жалғастыруға үміт білдірді.

Елордалық дәрігерлер Павлодарда 4 сәуірге дейін болады. Екі күн ішінде олар он адамға ота жасап, 80 кеңес беріп, 19 презентация өткізді.