Павлодар облысының оқушылары үш тілде еркін пікір алмасты
Жеңімпаздар Алматыда өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Өңірде республикалық дебат турнирінің облыстық кезеңі өтті. Зияткерлік сайыс World Schools Debating форматында ұйымдастырылып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді. Турнирге облыстың қалалары мен аудандарынан, сондай-ақ мамандандырылған мектептерден келген командалар қатысып, жоғары деңгейлік бәсекеде бақ сынады.
Қатысушылар пікірсайыс барысында өз ойларын нақты жеткізіп, сыни ойлау қабілеттерін, шешендік шеберліктерін және дәлелді аргумент ұсыну дағдыларын көрсетті. Үш тілде еркін пікір алмасу – турнирдің басты ерекшеліктерінің бірі.

– Дебат турнирлерін өткізудің негізгі мақсаты – пікірсайыс қозғалысын кеңінен насихаттау және жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру. Себебі бүгінгі дебатшылар – ертеңгі болашақ саясаткерлер, көшбасшылар. Зияткерлік сайыс тек шешендік өнерді ғана емес, аналитикалық ойлау қабілетін де дамытады, – дейді оқушылар сарайының әдіскері және облыстық пікірталас қозғалысының координаторы Айжан Оразбаева.
Сонымен қатар, соңғы жылдары дебаттың ауқымы кеңейіп, ағылшын тіліндегі лига да енгізілген. Дегенмен, қатысушылардың басым бөлігі қазақ және орыс тілдерінде өнер көрсетуде. Қазіргі таңда ағылшын тілінде қатысушылар үлесі шамамен 40 пайызды құрайды.
– Мен дебатқа сегізінші сыныптан бастап қатысып келемін. Бұл салаға келуіме тәлімгерімнің ықпалы зор болды. Дебат адамның өз ойын еркін әрі қорықпай жеткізуіне көмектеседі. Бүгінгі турнирге ерекше дайындықпен келдім, – дейді Успен ауданы Абай атындағы мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Адина Еркінбай.
Облыстық деңгейдегі мұндай турнирлер жылына үш рет өткізіледі. Сонымен қатар, өңірде «Ұшқыр ой алаңы» жобасы жүзеге асырылып, мектепішілік пікірсайыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бастамалар жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып, дебат мәдениетін дамытуға серпін беруде.
Турнир қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, олар Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңде Павлодар облысының намысын қорғайды.
Аяужан Жетес