Павлодардың көпбалалы ұстаздары марапатталды

Павлодардың көпбалалы ұстаздары марапатталды
Фото: ҚР оқу-ағарту министрлігі

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еліміздің әр өңіріндегі педагог-шеберлер құттықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғани Бейсембаев құттықтау сөзінде қоғамда әйелдердің ерен еңбегінсіз даму мүмкін емес екенін атап өтті. Олардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөлін ешкім жоққа шығара алмайтынын жеткізді.

– Сіздер тәуелсіз еліміздің болашағы – жас жеткіншектерімізді, ұлдарымыз бен қыздарымызды тәрбиелеп, бүкіл елдің игілігі жолында еңбек етіп келесіздер. Өздеріңізді Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтай отырып, шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сіздер кәсіби шеберліктеріңіз бен қажыр-қайраттарыңыздың арқасында ана мен ұстаз міндетін қатар алып жүрсіздер. Сіздерге осы жолда зор денсаулық, сарқылмас сабыр тілеймін. Өмірлеріңіздің әрбір сәті бақытты кезеңдерге толы болсын – деді министр.

 Мейрам қарсаңында еліміздің бас ұстазы педагогтерді «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен марапаттады. Марапат алғандардың қатарында Екібастұз қаласының №25 қазақ қыздар гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер, 4 ұл мен 2 қызды тәрбиелеп өсірген, көп балалы ана, Апидаш Рахимжанова білім саласындағы көп жылғы елеулі еңбегі үшін министрдің қолынан Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.

Апидаш Муратовнаның ұстаздық еңбек өтілі 37 жылды құрайды, көп жылдар бойы шәкірттері түрлі деңгейдегі зияткерлік конкурстарға қатысып жүлделі орындарға ие болды.