Павлодарлық іздеу жасағы майдангерлердің туыстарын іздейді
«Майдан жолы» жасағына Вологда облыстық іздеушілер бірлестігінің жетекшісі Александр Метелкин хабарласты, деп жазады @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, биыл жазда Вологда облысының Вытегор ауданында өткен «ОШТА-2025» экспедициясы кезінде 11 қызыләскердің сүйегі және Абрамов Николай Семеновичтің өлім медальоны табылған. Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві деректеріне сәйкес, 1967 жылы олар Ошта ауылындағы ««Скорбящая мать»» мемориалына қайта жерленген.
– Белгілі болғандай, Николай Семенович пен оның қаруластары осы уақытқа дейін Челмаш көлі маңындағы биіктікте жатқан. Архив мәліметтеріне сай, бұл жерде сәуір айындағы шабуыл барысында 272-атқыштар дивизиясының 17 жауынгері қаза тапқан. Ресейлік әріптестер табылған сүйектерге ДНҚ сараптамасын жүргізіп, қаза болғандардың туыстарын іздестіруді бастады, – дейді «Майдан жолы» жасағының жетекшісі Александр Шитов.
Тізімде қазақстандық жауынгер де бар. Ол – Павлодар облысының тумасы Дүсен Күлжұмонов. 1918 жылы Каганович ауданында дүниеге келген. Қазақ КСР Каганович аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. 1942 жылдың 13 сәуірінде қаза тапқан.
Сондай-ақ «Майдан жолы» жасағының командиріне Мәскеудің «Әскери археология» іздестіру жасағының жетекшісі Антон Торгашев хабарласып, 1924 жылы туған Павел Михайлович Большаковтың туыстарын табуға көмек сұраған. Ол Қостанай облысы Қарабалық ауданы Михайловка ауылының тумасы. Медальон бланкісі Мәскеу облысы Дорохов ауданы Капань ауылы маңынан табылған. Соңғы қызмет орны – 82-мотоатқыштар дивизиясы.
Барлық сұрақтар бойынша байланыс нөмірі: 8-777-461-73-78, email: alex.shitov@mail.ru («Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитов).