Павлодарлық қолөнерші Дельфий ойындарында Абай облысындағы жағдайды көрсетті
Қатысушылардың бірі – Ольга Панафидина өзекті тақырыпты қозғап, өрттің бейнесін жасады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған қазылар алқасы Абай облысында болған ірі өрт тақырыбын ұсынды. Павлодарда өткен Ұлттық Дельфий ойындарында 150-ден астам өнерпаз бақ сынады. Ал өңірлік кезеңнен сүрінбей өткендер республикалық додада облыс намысын қорғайтын болады.
– Мен Ұлттық Дельфий ойындарына алғаш мәрте қтыстым. Сәндік-қолданбалы өнер номинациясы бойынша бақ сынап көрдім. Қазылар алқасы «орман өрті» тақырыбын берген болатын. Абай облысындағы өрт бойынша мүсін жасадым. Бұл – өте өзекті тақырыптардың бірі. Бәлкім сүйікті ісім болғандықтан шығар, мен үшін бұл өнер қиын емес. Осы іспен айналысып жүргеніме үш жыл болды, – дейді қолөнерші.
Қазақстанда Ұлттық Дельфий ойындары 20-шы мәрте ұйымдастырылуда. Еліміз Дельфий ойындары бойынша халқаралық деңгейдегі алғашқы үштікке кіреді. Іріктеу кезеңдері еліміздің он өңірінде өткізілді.
– Бұл байқауға 12 номинация бойынша 150-ден астам бала қатысып жатыр. Павлодарда Дельфий ойындары алтыншы рет өткізілуде. Ойынның мақсаты – жас өнерпаздарды іздеу, іріктеу, сахнаға шығару, – дейді Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.
Ольга Панафидина өзінің бұл жұмысымен қазылардың жоғары бағасына ие болып, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ойында 34 қатысушы жүлдегер және жеңімпаз атанды. Айта кету керек, Ұлттық Дельфий ойындарының өңірлік кезеңінен өткендер республикалық додада аймақ намысын қорғайтын болады.