Павлодарлық Аймауытов театры ШҚО-да миллион теңге ұтып алды
Өскеменде өткен өнер додасына еліміздің әр түкпірінен 10 театр қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының отызыншы фестивалінде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры бақ сынады. Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысындағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық драма театры ұйымдастырды.
– Аймауытов театрының ұжымы «Менің атым Қожа» спектаклін ұсынды. Режиссері – Жангелді Садықов. Адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелейтін, кейіпкерлерін ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін қойылым фестивальде алғашқы болып қойылып, қазылар алқасының ықыласына ие болды. Ал көрермен қауым еркін мінезді қазақ баласының қайсар бейнесін көрсететін позитивті шығарманы жылы қабылдады, – дейді театрда.
Байқау нәтижесінде театр ұжымы «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлық» номинациясына ие болды, бір миллион теңге ұтып алды.
Еске сала кетейік, қыркүйек айында Павлодарда Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өтті. Аталған сында театр Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін иеленген.