Павлодарлық ҰОС ардагері 99 жасқа толды

Батырдың есімі Василий Григораш, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, Василий Григораш 1926 жылы 21 ақпанда Алтай өлкесінің Горлинка ауылында дүниеге келген.
1943 жылы жас жауынгер мектебінен өтті. 1944 жылдың 8 тамызынан 1945 жылдың 3 қыркүйегіне дейін Забайкалье әскери округінде 36 армия, 293 дивизия, 1034 атқыштар полкі құрамында қатардағы жауынгер, аға сержант, бөлімше командирі ретінде қызмет атқарды.
2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
1951 жылы Павлодарға келіп, локомотив депосына стокегармен жұмысқа кірді. Содан кейін Қарағандыға жол-техникалық мектебіне жіберіліп, машинист мамандығын алды. Оқуды бітіргеннен кейін Павлодарға оралып, локомотив депосында жұмысын жалғастырды. 1988 жылы зейнетке шықты.
Бүгінгі таңда өңірде Ұлы Отан соғысының алты ардагері тұрады.