Павлодарда асырап алуға ниетті азаматтар қалай дайындалады?
Психологиялық дайындықтан өткенін растайтын сертификат алу – алғашқы қадам, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада балаларды отбасыға орналастыруға ниетті азаматтарды жүйелі түрде даярлау жалғасып келеді. Бұл туралы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталық басшысының орынбасары Көркем Сағиева мәлімдеді.
– Курс Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және баланы өз отбасына қабылдағысы келетін азаматтарға арналған. Дайындықтан өткен соң кандидаттар сертификат алып, қажетті құжаттарды рәсімдеуді жалғастыра алады. Сабақтар 14 кездесуден тұрады. Бағдарламада баланың жаңа отбасына бейімделуінен бастап, қиын өмірлік жағдайды бастан өткерген балаларды тәрбиелеу ерекшеліктеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптар қамтылады. Отбасылық орналастыру түрлері, асырап алушы ата-аналардың кездесетін қиындықтары, зорлық-зомбылық көрген балалармен жұмыс әдістері, асырап алу құпиясы сияқты мәселелер қарастырылады. Кандидаттар баламен алғашқы танысудан бастап, күнделікті отбасылық өмірге дейінгі өзара әрекеттесудің толық циклымен танысады, – деді ол.

Ағымдағы топта курстан 13 адам өтті. Олардың арасында балалардың туыстары да бар – олар бір жыл ішінде оқуды аяқтауы тиіс. Кейбір кандидаттардың ересек балалары бар, алайда медициналық көрсеткіштерге байланысты тағы бала сүю мүмкіндігі жоқ. Баласыз ерлі-зайыптылар да бар – олар сәбилер үйінен бала алуды қалайды. Сонымен қатар жалғызбасты кандидаттар – нағашысы не ағасы ретінде туыстық байланыс болған жағдайда баланы рәсімдей алатындар да кездеседі.
– Ең көп сұраныс – кішкентай балаларға. Үш-төрт жастан асқан балалардың қабылдануы сирек. Өткен жылы «Хочу в семью» жобасы аясында 13 жастағы бала отбасыға орналастырылды, ал 12 жастағы жасөспірім басқа облыстағы асырап алушы отбасыға берілді. Қазір екеуі де жақсы өмір сүріп жатыр, – деді маман.
Бала отбасыға орналастырылғаннан кейін орталықтың бақылауы тоқтамайды – интернаттан кейінгі сүйемелдеу жүргізіледі. Қызметкерлер отбасының тұрғылықты жері бойынша қамқоршылық органдарымен өзара байланысады, мектеппен байланыс ұстайды, баланың жағдайын әлеуметтік желілер арқылы қадағалап, мезгіл-мезгіл бейнеқоңырау арқылы хабарласып тұрады.
– Біз балалармен үнемі байланыстамыз, әрқайсысына орталықтың әрдайым олардың үйі болып қала беретінін, қажет болған жағдайда жүгінуге болатынын түсіндіреміз. Қазір орталықта 49 бала бар: оның 29-ы тұрақты негізде, мекеме басшысы олардың ресми қамқоршысы болып табылады, ал қалғандарының мәртебесі әзірге анықталмаған, – деді Көркем Сағиева.

Курс туралы әсерлерімен Құтышевтер отбасысы бөлісті. Олардың айтуынша, шешім жиендері дүниеге келгеннен кейін пісіп-жетілген, сол кезде ата-аналық сезім оянған. Ерлі-зайыптылар шамамен үш жастағы қыз баланы қабылдауды жоспарлап отыр.
– Бізге әсіресе қатыгездік мәселесі, балалардың кейде қандай жағдайларды бастан өткеретіні туралы әңгімелер қатты әсер етті. Рөлдік сабақтарға қатыстық: мен асырап алушы ана рөлін, күйеуім ішімдікке салынған жағымсыз кейіпкерді сомдады. Бұл балалар психологиясын, олардың ішкі күйін жақсырақ түсінуге көмектесті. Бір жағынан, психотерапия элементі сияқты болды. Мен – сатушымын, күйеуім – от жағушы. Қарапайым отбасымыз, Ертіс ауданында тұрамыз. Туыстарымыз қолдады: анам мен ағам оң қабылдады, күйеуімнің туыстары да қарсы емес. Көршілерге әзірге айтқан жоқпыз, – деді әйел адам.

Бағдарламаның тағы бір қатысушылары – слесарь Серік Аманбаев пен оның жұбайы, терапевт-дәрігер Арай. Олар 13 жыл бірге өмір сүріп, баласыз болғандықтан, оқудан өтіп, мүмкіндік болса, ағайынды ұл мен қызды қабылдауға дайын.
– Әрбір кездесуді асыға күттік, мен жұмыстан сұранып жүрсем де, бірде-бір сабақты қалдырмадық. Ата-ана болуға кандидат атанғанымызға өте қуаныштымыз. Екеумізде де балалармен қарым-қатынас жасауда тәжірибеміз мол. Менің бес қарындасым бар, жұбайымның бір әпкесі мен екі інісі бар. Баланың жынысына қатысты талғамымыз жоқ, ең бастысы – бала махаббатты сезініп, отбасында өмір сүрсе болды, – деді Серік.
Шаһардағы асырап алушы ата-аналар мектебі дамуын жалғастырып, кандидаттарға балаларды отбасыға саналы әрі жауапкершілікпен қабылдауға көмектесуде. Бағдарлама жұмыс істеген бес жыл ішінде 193 кандидат оқудан өтті, олардың жартысынан астамы балаларды өз отбасыларына қабылдап, оларға қауіпсіз, мейірімге толы орта қалыптастырды.