Павлодарлық әскерилер самбодан жүлдегер атанды
Жарыс Өскемен қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жауынгерлік самбо және спорттық самбодан Ұлттық ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығының чемпионаты өтті. Сайысқа Семей, Павлодар, Курчатов қалаларынан келген 70-ге жуық әскери бөлімдердің спортшылары қатысты.
Бұл чемпионаттың аймақтық мәртебесі жоғары. Жарысқа қатысушы жауынгер спортшылар "Динамо" дене шынықтыру спорттық қоғамы кешенінің төрінде бақ сынасты. Олар спорттық самбодан 58, 64, 71, 79, 88, 95 келі салмақ бойынша, ал жауынгерлік самбодан 58 және 71 салмақ дәрежесінде сайысқа түсті.
- Өзара бақ сынасқан 3477, 5518, 6699, 5511, 3514, 6679, 5512 әскери бөлімдерінің сарбаздары жарыс қорытындысы бойынша "Шығыс" өңірлік қолбасшылық құрамасы құралып, қыркүйек айында Семейде өтетін республикалық жарысқа қатысады. Самбо әскерилердің бойында қатты мінез, табандылық пен төзімділікті қалыптастырып, жинақылыққа бейімдеп, өз мақсатына жетуге қажетті қасиеттерді дамытуға септігін тигізеді, - деді ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы бастығы подполковник Бауыржан Дарыбаев.
Жалпы әскерлиер арасында өтіп жатқан бұл чемпионатқа офицерлер мен сержанттан бастап, қатардағы сарбаздарға дейін қатысты.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды Семейдегі 5511 әскери бөлімі жеңіп алса, 2-орынды Павлодардан келген 5512 әскери бөлімнің құрамасы жеңіп алды. Ал 3-орынға Өскемендегі 5518 әскери бөлімінің құрамасы ие болды.
Жеңімпаздарды "Динамо" ДШСҚ ҚБ ШҚО филиалының арнайы медальдарымен "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Еркен Жанабергенов марапаттады.