Павлодарлық ақпараттық технологиялар колледжі халықаралық мәртебеге ие болды
 
                                Оқу орны «Бағдарламалық қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның City & Guilds «Assured» халықаралық салалық аккредитациясынан сәтті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл колледждің білім беру бағдарламасы мамандар даярлаудың жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін және әлемдік деңгейде тәуелсіз мойындауға ие болғанын растайды.
– Аккредитация колледж студенттері мен оқытушылары үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашады. Яғни біздің бағдарламашы түлектер колледж дипломымен қатар City & Guilds аккредитациялық агенттігінің халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін растайтын тағы бір диплом алады, – деп атап өтті колледж директоры Серік Жартыбаев.
City & Guilds – бұл 28 саланың 500-ден астам мамандығы бойынша кәсіби біліктіліктер беретін жаһандық компания. Ал оның Assured бағдарламасы оқу бағдарламаларын сапаның әлемдік стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан бағалайды. City & Guilds компаниясының 100-ден астам елде оқу орталықтары бар. Компанияның ерекшелігі – ол жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істейді, сондықтан оның сертификаттары еңбек нарығында сұранысқа ие және халықаралық деңгейде кеңінен мойындалған.
Бір жыл бойы Павлодар қаласының Ақпараттық технологиялар колледжі үлкен жұмыс атқарды, және бүгін колледжге аккредитация туралы тиісті сертификатты еліміздің жетекші инновациялық оқу орталығы әрі City & Guilds компаниясының қазақстандық серіктесі – «APEC Training Center» ЖШС өкілдері табыстады.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
 
    
 
    
 
         
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
