Павлодарлық асықшылар үздіктер қатарында
«Жыл үздігі-2023» марапаттау рәсімінде 8 аталым сарапқа салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының асық ату федерациясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, салтанатты жиын бүгін Астана қаласында өтті. Оған ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Тастанбек Есентаев, Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов және Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов қатысып, жүзден жүйрік шыққан асықшыларға жүлделерін табыс етті.
- Еліміз бойынша асық атудан үздіктерді анықтаған басқосуда 8 аталым сарапқа салынды. Оның ішінде екі номинация павлодарлықтардың еншісіне бұйырды. Мәселен, біздің асықшылар «Үздік ерлер құрамасы» аталымында жеңімпаз атанса, «Үздік ерлер құрамасының жаттықтырушысы» номинациясының жеңімпазы Қалибек Қуанұлы болды, - делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылар спортшыларға сәттілік тілеп, ұлттық ойынға сіңірген еңбектері үшін алғыстарын білдірді.
Ал «Үздік әйелдер құрамасы» атағы Астана қаласының әйелдер құрамасына бұйырса, «Үздік федерацияны» Астана қаласы асық ату федерациясы иеленді. «Үздік әйелдер құрамасының жаттықтырушысы» номинациясының жеңімпазы Астана қаласынан Марат Исламбековке тиесілі болса, «Үздік ардагер асықшы» атағы Солтүстік Қазақстан облысының ойыншысы Әсет Рамазановқа берілді. Ал «Асық атудан үздік төреші» номинациясының жеңімпазы Солтүстік Қазақстан облысынан ұлттық дәрежедегі төреші Қуат Хайруллинге, «Бес асықтан үздік төреші» атағы Ақмола облысының ұлттық дәрежедегі төрешісі Самат Әукеновке берілді.
Асық атудан биылғы жыл Павлодар облысы үшін өте жемісті болды деп айтсам қателеспеймін. Ақпан айының басында Түркияның Анталия қаласында өткен Еуразия кубогынан Қазақстан құрама ойыншысы болып Қалибек Қуанұлы барып, бас жүлдені жеңіп алды. Шәкірттері 3-ші орын иеленді. Бұл - тарихымыздағы ең үлкен жетістік. Биылғы жылы Тараз қаласында жастар арасында өткен чемпионатта өңіріміздің ұлдар мен қыздар командасы қос қола жүлденің иегері атанды.
Ал маусымда Көкшетау қаласында өткен ересектер арасында асық ату ұлттық ойынынан республикалық чемпионатта күмістен алқа таққан болатын.
Қыркүйек айының 1-4 аралығында Румынияның Констанца қаласында өткен асық ату және бес асық ойындарына елімізден 13 спортшы аттанды. Оның үшеуі павлодарлық ойыншы. Павлодарлық асықшылар Қазақстан-2 құрамасында ел намысын қорғады. Құрамадағы Қабылда Қуаныш, Қизат Саят, Аханов Қайраш Павлодар облысынан болса, Әбілов Тимур Ақмола облысының асықшысы. Екінші құрама Әлем кубогында жүлделі екінші орынға ие болды. Осы додада Қазақстан құрама командасының ойыншысы Қалибек Қуанұлы жекелей ойында бас жүлдеге ие болып, Әлем кубогына қол жеткізді.