Павлодарлық асық ату федерациясының президенті: Бұл тарихи жетістік

Павлодарлық асық ату федерациясының президенті: Бұл тарихи жетістік
Фото: Қалибек Қуанұлы

Асық ату федерациясының президенті Қалибек Қуанұлымен сұхбаттасып, Павлодар облысындағы асық спортының қарқыны жайлы сұрадық. 

Облысымызда осы саламен айналысатын неше спортшы бар?

– Қазіргі таңда облысымыздың құрамасында 200-ден астам асықшы бар, солардың ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапына 30-жуық спортшы кіреді.

Өңірімізде асық спортынан турнирлер ұйымдастырыла ма?

– Асық атудан облысымызда жиі чемпионаттар ұйымдастырылады. Бұл жарыстар әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша өткізіледі. 

Облыстың қай аудандарында асық жақсы дамыған?

– Облысымызда қала мен аудандарда асық үйірмелері бар.  Бірақ нақты жүйелі түрде айналысып жатқан - Екібастұз қаласы, Баянауыл, Тереңкөл ауданы, Ақсу қаласы, Кенжекөл ауылдары. Бұл аудандарда асық спорты қарқынды дамыған. Айта кету керек, бұл аймақтарда Қазақстан Республикасының ұлтық құрамасына кіретін спортшылар бар. 

Өңірлік спортшылар қандай жетістіктер көрсетуде?

– Асық атудан биылғы жыл Павлодар облысы үшін өте жемісті болды деп айтсам қателеспеймін. Ақпан айының басында Түркияның Анталия қаласында өткен Еуразия кубогынан Қазақстан құрама ойыншысы болып өзім барып, бас жүлдені жеңіп алдым. Шәкірттерім 3-ші орын иеленді. Бұл тарихымыздағы ең үлкен жетістік. Биылғы жылы Тараз қаласында жастар арасында өткен  чемпионатта өңіріміздің ұлдар мен қыздар командасы қос қола жүлденің иегері атанды. 

Бұл саладағы ересектердің спорттық деңгейі өсуде ме?

– Маусымның 10-14 аралығында өткен Қазақстан чемпионатында өңірлік ересектер құрамасы қола жүлдегер атанды. Ал жастар кубогында 3-ші орынға ие болды.  Күні кеше Балқаш қаласында өткен ел чемпионатында ардагерлеріміз топ жарып, чемпион атанды. 

Павлодарда асықтың қай түрлері кең таралған?

– Өңір бойынша ерлер арасында «Бес табан» ойыны кең таралған. Ал қыздар болса «Бес асық» ойынын дамытуда. 

Алдағы уақытта осы ұлттық ойынды дамыту барысында қандай жоспарларыңыз бар?

– Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында республикалық фестивальға іріктеу чемпионаты өтеді. Осы жарыста өңіріміздің асықшылары бақ таластырып көрмек. Тағы қуантарлық жаңалықтардың бірі Румыния республикасының Констанца қаласында 1-4 қыркүйек аралығында Әлем кубогы ұйымдастырылады. Бұл дүбірлі додада өңіріміздің төрт спортшысы бақ сынасатын болады.