Павлодарлық дәрігер аллергияның алдын алу бойынша кеңестерімен бөлісті
Маусымдық аллергияның белсенді кезеңі басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Семей медицина университеті Павлодар филиалының педиатрия кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Қожанова көктемнің келуімен көптеген адамдар маусымдық аллергия проблемасына тап болатынын айтады.
Өсімдік тозаңы, ағаштар мен гүлдердің гүлденуі кейбір адамдарда түшкіру, көздің қышуы, мұрынның ағуы және басқа белгілер сияқты аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.
– Денсаулықты бақылауда ұстап, аллерголог-дәрігерлерде үнемі тексеріліп, тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдау керек. Өзін-өзі емдеудің қажеті жоқ. Дәрігер дәрі-дәрмектерді тағайындамас бұрын нақты тексерулер жүргізеді және әр пациент үшін әрқашан жеке ем тағайындайды, – деді Ақмарал Қожанова.
Аллерголог дәрігерлер аллергендермен қарым-қатынас жасаудан алшақ болуға кеңес береді. Мүмкін болса, ауадағы тозаңның ең жоғары концентрациясы кезінде, яғни таңертең және кешкі уақыттарда сыртқа шығудан аулақ болуға шақырады.
Көзді тозаңнан қорғау үшін күннен қорғайтын көзілдірік киіп жүрген жөн. Серуендеуден кейін душ қабылдау және киімді ауыстыру қажет. Бұл киім мен теріге жабысып қалған тозаңды кетіруге көмектеседі.
– Сондай-ақ, үй ішіндегі тозаң концентрациясын азайту мақсатында бөлмені үнемі желдетіп отыру керек. Оған қоса, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және тұрақты физикалық белсенділік иммундық жүйені нығайтуға және аллергия қаупін азайтуға көмектеседі, – деді спикер.
Айта кетерлігі, аллергия тұқым қуалайды немесе жүре пайда болады. Бірақ, көбінесе тұқым қуалайтын жағдай басым. Жүре пайда болған аллергия химиялық заттар, өсімдіктер, тамақ, қоспалар және сұлулық салондарында, ауруханаларды, баспа бояулары сияқты әр түрлі профильдерде болуы мүмкін.