Павлодарлық дәрігерлер: суға бату кезінде куәгерлер бірден жедел жәрдем шақыруы тиіс
Бұл көмек көрсету уақытын жеделдетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының медициналық авиация бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Бесембинованың айтуынша, судағы оқыс жағдайларда ең бастысы – тез әрі дұрыс әрекет ету және бірінші кезекте жедел жәрдем шақыру маңызды.
– Егер сіз оқиғаның куәгері болсаңыз, алдымен жедел жәрдем шақырып, нақты орнын айтып, өзіңізді таныстырып, не болғанын түсіндіру қажет. Мұндай шақыртулар бірінші санат бойынша дереу қабылданып, бригада тез жетеді, – деді Алмагүл Бесембинова.
Мамандардың айтуынша, суық суда ағзаның тоңуы өте жылдам жүреді. Әсіресе балаларда қан тамыр жүйесі толық жетілмегендіктен, бұл процесс тезірек өтеді.
– Сондықтан суға бату қаупін туғызатын жағдайларға жол бермеу маңызды. Қауіпсіздік – ең басты орында, – деді спикер.
Дәрігерлер төтенше жағдайда куәгерлерге зардап шегушіні судан шығарып, есін және тынысын тексеріп, дереу жедел жәрдем шақыруды, қажет болса алғашқы көмек көрсетуді және адамды жылытуға тырысуды ескертеді.
Сонымен қатар мамандар судағы құрысу кезінде адамның өзіне көмектесе алмайтынын, сондықтан негізгі рөл куәгерлерге түсетінін атап өтті.
2025 жылы Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының дерегі бойынша суға бату бойынша 11 жағдай тіркелген: бес жағдай – Павлодарда, бір жағдайдан – Ақсу мен Екібастұзда, төрт оқиға – аудандарда.
Мамандар суға батып бара жатқан адам көбіне көмек белгісін көрсетпейтінін, үнсіз суға кетуі мүмкін екенін ескертеді.
– Ол фильмдегідей белгі бермейді, жай ғана суға батады. Сондықтан бір-біріңізді бақылап, белгілерден аспау және балаларды қараусыз қалдырмау қажет, – деді дәрігерлер.
Ақ желеңділер тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және маусым басында судың әлі де суық болатынын ескертеді.