Павлодар облысында донорлар саны артуда

Павлодар облысында донорлар саны артуда

14 маусымда әлемде Дүниежүзілік қан донорының күні аталып өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы күні қан орталығында 40 және одан артық мәрте қан тапсырған донорлар әртүрлі марапаттарға ие болды. Оларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді. 

Облыстық қан орталығының терапевт-дәрігері Гүлмәдина Оспанова айтып өткендей, қанды тұрақты түрде полицейлер, зауыт жұмысшылары, мемлекеттік қызметшілер мен әртүрлі ұйымдар жұмыскерлері тапсырады.

- Донорлар саны тұрақты түрде артуда, - дейді ол. – Мысалы, 2020 жылы олардың саны 546 болса, 2021 жылы – 792, ал былтыр 840 адамды құрады. Тұрақты донорлар үлесі барлық донорлардың 10% ғана құрайды Донорлар тапшылығы жоқ. Бізде сирек кездесетін қан топтары мен тромбоциттер регистрі де құрылған. 

Дәрігер қанды тұрақты түрде тапсырудың пайдасын да атап өтуді жөн көрді.

- Тұрақты донорлар – біз үшін ең тиімді донорлар тобы, өйткені олар тұрақты түрде тексеруден өтеді. Қанды тұрақты тапсыру адам ағзасына пайдасын тигізетінін де айтып өткен жөн: қан жүйесі белсенді іске қосылады, иммунитет күшейеді. Ондай адамдар тұмаумен, онкологиялық ауруларға сирек шалдығатыны, сондай-ақ атеросклероз және миокард инфаркты секілді жүрек-қан жүйесі кеселдерімен аз ауыратыны белгілі. 

Павлодар облыстық қан орталығы өңіріміздің 20 медицина ұйымын қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етеді. Қан орталығында қан және оның компоненттерінің сарқылмайтын қоры сақталады. Облыстың медұйымдарымен тығыз қарым-қатынас түзілген, олардың бәрі тәулік бойы және үзіліссіз донорлық қанмен қамтылуда.

Одан бөлек, орталық сүйек кемігін жинаумен де айналысады. Сүйек кемігінің доноры атану үшін орталық қан орталығына барып, қан тапсыру керек. Процедура қауіпсіз. 

Гүлмәдина Оспанова айтып өткендей, донорлардың бәріне жалақысы сақталатын бір күн демалыс беріледі. Оны жылдық демалыс күндеріне қосып алуға да болады.

Фото қан орталығы және автор