Павлодар облысында әйелдер көбінесе үйден босанатын болған
103 облыстық жедел жәрдем станциясы үйде босану қаупі туралы еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері облыстық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері стандартты емес жағдайларда: үйде, ауруханаға барар жолда реанимобильде немесе телефон арқылы босануды 20 рет қабылдады.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары үйде босану саны өскен. Сондықтан ақ желеңділер дабыл қағуда. Өйткені асқынуларсыз жүрсе де, медициналық мекеменің қабырғасынан тыс босану ана мен бала үшін көптеген қауіп тудырады.
– Босану – бұл кез келген сыртқы факторларға байланысты қиындауы мүмкін физиологиялық процесс, – деді 103 станция басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Мұндай асқынулар болған жағдайда үйде білікті көмек көрсету мүмкін емес екенін түсіну маңызды. Тіпті, мінсіз жүктілік кезінде де босанудың қалай дамитынын 100 пайыз болжау мүмкін емес. Сонымен қатар, үйде әрдайым стерильді жағдайлар бола бермейді. Бұл босанған әйелдің де, жаңа туған нәрестенің де түрлі ауруларды жұқтыру қаупін арттырады.
Болашақ ана қағанат судың кете бастауы және минуттан аз аралықпен тұрақты толғақ факторларын ескеруі қажет. Сондай-ақ, қан кету, толғаққа ұқсас емес іштің ауыруы және сәбидің қозғалыс белсенділігінің төмендеуіне де назар аударған жөн. Егер осы белгілердің кез келгені пайда болса, жедел жәрдем шақыру қажет.