Павлодарлық депутаттар әйелдер көшбасшылығы бойынша алғашқы конгреске қатысты

Бүгінде партиялық жұмыстарда әйелдердің рөлі жоғары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астанада «Стратегиялар. Серіктестік. Көшбасшылық» ұранымен әйелдердің саяси көшбасшылығы мен гендерлік теңдік бойынша І Ұлттық конгресс өтті. Форум аясында саясаткерлер, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар бас қосып, әйелдердің көшбасшылық рөлін арттыру мен тең мүмкіндіктерге қол жеткізу жолдарын талқылады.
«Жергілікті өзін-өзі басқарудағы әйелдер» атты панельдік пікірталасқа «AMANAT» партиясының өңірлік филиалының төрағасы, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Илья Теренченко қатысты. Ол өз сөзінде әйелдер мен ерлер тең құқықты иеленіп, басқару процесіне бірдей қатысқанда шешімдер әділ әрі тиімді болатынын атап өтті.
Павлодар облысында 24 мыңнан астам әйел жеке активтерге иелік етеді, ал мәслихат депутаттарының әр үшіншісі – әйел. Мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесі 66%-дан асады, ал басшылық қызметтердің жартысына жуығын әйелдер атқарады. Өңірдегі ҮЕҰ-ның 70%-ын әйелдер басқарады. Полиция саласында да жүздеген әйел жұмыс істейді, олардың арасынан басшылыққа көтеріліп жатқандары көбейіп келеді.
Илья Теренченко әйелдердің көшбасшылығы қалыпты жағдайға айналып келе жатқанын айтып, Павлодар облысы әкімінің орынбасарлары Айгүл Мәлікова мен Айгерім Қабылтаева, Мемлекеттік басқару академиясы мен мәслихат аппаратының әйел басшыларын мысал ретінде келтірді.
Партиялық жұмыстарда да әйелдердің рөлі жоғары. Павлодар облыстық «AMANAT» филиалында 46 991 мүшенің жартысынан астамы – әйелдер. Аудан мен қалаларда олар негізгі лауазымдарды иеленіп отыр, алтауы атқарушы хатшы қызметін атқаруда.
Сонымен қатар, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Облыстық мәслихат жанынан қатыгездікке қарсы жұмыс тобы құрылып, оны көпбалалы әке әрі депутат басқарады. Бұл әйелдер мен балалар құқығын қорғау – тек әйелдердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетеді.