Шыбын-шіркейге қарсы дезинсекция кезінде павлодарлықтар нені ескеруі керек
Саулық үшін қарапайым ережелерге бағынса болғаны, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күн жылынып, табиғат тіріле бастаған шақтан павлодарлықтар үшін басты мәселе шыбын-шіркеймен күрес екені белгілі. Десе де жыл сайын дәстүрлі түрде мамандар қанатты зиянкестермен күресті жалғастырып келеді. Биыл да облыс бойынша Ертіс өзенінің жағасындағы 67 елді мекенді және өзен мен оның арналарының 3200 шақырымнан астам жерін өңдеу жоспарлануда.
Бүгінгіде әуеден, жерден жүгізіліп жатқан дезинсекция жұмысына тұрғындар арасында алаңдаушылық білдіретіндер де аз емес. Әсіресе, ауаға себіліп жатқан дәрі-дәрмектің адам денсаулығына кері әсерінің бар-жоғы көпшілікті алаңдатуда.
Осы ретте облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев дәрілердің қауіпсіз екенін алға тартады.
– Біз қолданатын барлық дәрілік өнім еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді және ең қауіпсіз деп саналатын IV класқа жатады. Бастысы, олар Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген. Яғни, жануарлар мен адамдар үшін зияны жоқ, - деді Сағын Төлеутаев.
Басқарма басшысының айтуынша, биологиялық өнімдердің әсері бір айға дейін сақталады әрі зиянкестерге тез әсер етеді.
– Ғылыми топтың ұсынысы бойынша биологиялық дәрі-дәрмектер дернәсіл сатысына қарсы қолданылады. Нақтырақ айтқанда, имаго формасына қарсы, яғни зиянкестердің қанатты түрін жоюға арналған өнімдер пайдаланылады. Биологиялық дәрі-дәрмектер қолайлы жағдайда әзірленгендіктен жарты жылға дейінгі мерзімде сақтала береді. Ал қолданылғаннан кейінгі әсері шамамен 4 тәулікке дейін сақталуы мүмкін, - деді ол.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір өңдеу жұмыстарының алдында әлеуметтік желілер арқылы халыққа хабарланады. Десе де өңдеу кезінде тұрғындардың серуендеуге шықпағаны жөн.