Павлодарлық дизайнерлер ұлттық нақышты заманауи сәнмен үйлестірді
Great Steppe Fashion фестивалінде алты павлодарлық дизайнер этностильдегі заманауи топтамаларын таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
23 қыркүйекте Павлодарда Great Steppe Fashion этно-сән фестивалі өтті. Облыстық «Шаңырақ» орталығының баспасөз хатшысы Жұмабай Байтұрсыновтың айтуынша, шарада ұлттық элементтерді қазіргі сәнмен үйлестіруге басымдық берілді.
Көрермендерге күнделікті және кешкі киімдер, күзгі сырт киім топтамалары ұсынылды. Фестиваль алаңында жергілікті қолөнершілер де өз бұйымдарын, тәттілер мен бал өнімдерін сатылымға шығарды.



– Бұл тек сән көрмесі емес, заманауи мәдениет пен тарихи, ұлттық мұраны біріктіретін алаң, – деді Жұмабай Байтұрсынов.

«ARUAAR» топтамасының авторы Ольга Кондратьева қазақы ою-өрнектермен безендірілген әйелдер пальтоларын көрсетті. Дизайнер киімдерге қошқар мүйіз, гүл-өрнек және қос мүйіз оюларын қолданған.


– Бұл оюлар өркендеуді, күшті, сұлулықты, қорғаныш пен абыройды білдіреді, – деді Ольга Кондратьева.


Фестивальде Айзат Мұратова да өз топтамасын таныстырды. Ол киім тігумен бес жылдан астам уақыт айналысады. Кәсібін пандемия кезінде әріптестерімен бірге матадан бетперде тігуден бастап, кейін этнофутболкалар шығаруға көшкен. Уақыт өте шағын бастама жеке тігін цехына айналған.
Қазір шеберханада этностильдегі киімдермен қатар мектеп және корпоративтік формалар тігіледі. Ерекше бағыттарының бірі – жергілікті киізден жасалатын сөмкелер.
– Бұл біздің визиттік карточкамызға айналды. Мұндай бұйымдарды Чикаго мен Канадада сатып алғандар бар, Меккеге де жиі алып кетеді, – деді Айзат Мұратова.
«Вернисаж» сән театрының жетекшісі Ольга Харитонова «Тұран», «Тәңірі» және «Айшық» атты үш топтамасын көрсетті. Оларға көйлектер, костюмдер, күртелер және этностильдегі басқа да киімдер енген.

– Бұл – қазақтың ұлттық мәдениеті мен заманауи пішімнің үйлесімі. Біз дәстүрді қазіргі сәнмен сабақтастырамыз, – деді дизайнер.

Фестиваль жергілікті дизайнерлер мен қолөнершілерге өз жұмыстарын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді. Ұсынылған топтамаларда қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштары күнделікті және заманауи киім үлгілерімен үйлестірілді.