Павлодарлық еріктілер қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтті
Жазғы маусым кезінде қауіпсіздік ережелерін еріктілерге түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодарда бірден екі профилактикалық шара ұйымдастырылды. Олар – «Volunter Patrol» жобасы аясындағы «Судағы қауіпсіздік» және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберіндегі «Қоғамдық тәртіп мәдениеті» бастамалары.
Іс-шараға төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция өкілдері, Жастар бастамаларын дамыту орталығының еріктілері және өңірлік фронт-офис мүшелері қатысты. Түсіндіру жұмыстары қаланың орталық жағажайы мен жағалауында өтті.

Сонымен қатар, құтқарушылар суға батып бара жатқан адамға көмек көрсету және алғашқы медициналық жәрдем көрсету тәсілдерін көрсетті.
Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс офицері, лейтенант Айтөре Бақытбектің айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – жазатайым оқиғалардың алдын алу.
– Біз су айдындарындағы оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізудеміз. Демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жабдықталмаған орындарда шомылудың қауіптілігі туралы ескертеміз. Сонымен қатар, су айдындарын аралап, тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды анықтаймыз, – деді ол.
Еріктілер тұрғындарға судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша ақпараттық жадынамалар таратып, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер туралы шағын сауалнама жүргізді.
Павлодар облысы Волонтерлер фронт-офисі басшысының міндетін атқарушы Тамирис Бесеенованың айтуынша, бастама халықтың қауіпсіздік туралы білімін арттыруға бағытталған.
– Бүгін «Волонтерлік патруль» жобасы аясында судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша ақпараттық материалдар таратылуда. Бұл жұмыс «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Бүгін 100-ге жуық тұрғынды қамту жоспарланып отыр, ал жұмысқа 15 ерікті жұмылдырылды, – деді ол.
Белсенділердің қатарындағы Гүлзат Рамазанова мұндай бастамалардың қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Тұрғындарға жаз мезгіліндегі қауіпсіздік талаптары, су айдындарындағы сақтық шаралары және өрттің алдын алу жолдары жөнінде кеңінен ақпарат берілді, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жұмыстар маусым айынан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта түсіндіру шаралары қала саябақтарында жалғасып, кейін облыстың басқа қала-аудандарын да қамтиды.