Павлодарлық кәсіперлер заң талаптарына бағынбауда

Павлодарлық кәсіперлер заң талаптарына бағынбауда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде алкоголь өнімін заңсыз сатқандар жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Түсіндіру жұмыстарының тұрақты жүргізілуіне қарамастан, кейбір кәсіпкерлер пайда табу мақсатында заң талаптарын қасақана бұзуды жалғастыруда. 

Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев жыл басынан бері тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша статистиканы жариялады.

– Жыл басынан бері алкоголь өнімдерін тыйым салынған түнгі уақытта сатудың 193 фактісі, лицензиясыз алкоголь өнімдерін өткізудің 60 дерегі анықталды. Осындай жағдайлардың бірі Павлодар қаласында орын алды. Толстой көшесіндегі дүкенде сатушы белгіленбеген уақытта алкоголь өнімін сатқан. Сауда нүктесінің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Бұл мәселенің шешімі кәсіпкерлер мен сатып алушылардың заңға бағынуына тікелей байланысты, – деді Азамат Күркебаев.

Сонымен қатар қоғамдық орындардағы мас күйдегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Өңірде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде көлік жүрудің 3267 фактісі тоқтатылды. Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды.