Павлодарлық кәсіпкерлерге «Business GO» бірыңғай цифрлық платформасы таныстырылды
Жаңа экожүйе шағын және орта бизнеске арналған он түрлі сервисті бір жерге біріктіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Павлодар облыстық өңірлік кеңесінің отырысында «Business GO» жобасы таныстырылды. Ұлттық палата әзірлеген бұл экожүйе бизнесті жүргізуге қажетті негізгі құралдарды бір цифрлық кабинетте тоғыстырады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхисламның айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпкерлер операциондық міндеттерді шешу үшін әртүрлі жеткізушілердің сервистеріне қосылуға мәжбүр. Бұл қосымша тарифтер мен күрделі интеграция сияқты қиындықтар тудырады.
– Сондықтан шағын және орта бизнеске барлық негізгі құралдары өзара үйлесімді жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық кабинет қажет, – деді Айдос Шайхислам.
«Business GO» платформасының құрамына он қосымша кіреді. Оның ішінде салық төлеушінің паспорты, бизнеске арналған жасанды интеллект сервистері, «Tax Free» қызметі, сондай-ақ алкоголь өнімдерінің акциздік жапсырмаларын тексеруге арналған «GreenScan» жүйесі бар. Бұдан бөлек, платформада онлайн-касса, фискалдық деректер операторының жүйесі, тауарлық есеп пен маркетинг құралдары біріктірілген.
Жиналыс барысында өңірлік кеңес мүшелері платформаны пайдалану бойынша сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар жиында қараша айында Астанада өтетін «Атамекен» ҰКП съезіне дайындық мәселелері, делегация құрамын қалыптастыру және бизнес саласындағы өзекті түйткілдер талқыланды.