Павлодарлық кәсіпкерлерге салықтық тәуекелдердің алдын алу жолдары түсіндірілді
Кәсіпкерлер үшін электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) уақытылы рәсімдеу аса маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәлімдеуінше, құжаттарды белгіленген мерзімде рәсімдемеу немесе оларды толтыру кезінде жіберілген қателіктер ЭШФ жүйесіне қолжетімділіктің бұғатталуына және басқа да жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
Салық органдары кәсіпкерлерге электрондық шот-фактураны соңғы күнге қалдырмай рәсімдеуге кеңес береді.
ЭШФ рәсімдеудің негізгі мерзімдері:
- жалпы жағдайда – тауар айналымы немесе қызмет көрсетілген күннен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей;
- электр энергиясы, су, газ, коммуналдық қызметтер, байланыс және басқа да жекелеген қызметтер бойынша – келесі айдың 20-сынан кешіктірмей;
- тауарларды экспорттау кезінде – 20 күнтізбелік күн ішінде;
- егер сатып алушы ЭСФ талап етсе – құжат 30 күнтізбелік күн ішінде рәсімделуі тиіс.
Талаптар сақталмаса не болады?
Салық органдары ЭШФ деректері мен салық есептілігін автоматты түрде тексереді. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда:
- ЭШФ рәсімдеу мүмкіндігі бұғатталуы мүмкін. Мысалы, сәйкессіздіктер жойылмаған немесе компанияның орналасқан жері расталмаған жағдайда;
- кәсіпкер тәуекелі жоғары салық төлеушілер тізіліміне енгізілуі ықтимал. Бұл іскерлік беделге және серіктестермен ынтымақтастыққа кері әсер етуі мүмкін;
- ЭШФ-да қателер болған немесе жарамды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болмаған жағдайда сатып алушыларда қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты қиындықтар туындауы мүмкін.
Мамандар мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін салық төлеушінің жеке кабинетін тұрақты тексеріп, салық органдарының хабарламаларына дер кезінде жауап беруді және электрондық цифрлық қолтаңбаның жарамдылық мерзімін бақылауды ұсынады.
Сондай-ақ, кассалық чек барлық жағдайда электрондық шот-фактураны алмастырмайтынын естен шығармаған жөн. Заңнамада көзделген жағдайларда сатушы сатып алушының талабы бойынша міндетті түрде электрондық шот-фактура рәсімдеуге тиіс.