Павлодарлық кәсіпорында роботтандырылған өрт сөндіру платформасын сынады
Өрт-тактикалық оқу-жаттығулары «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өнеркәсіптік аумағында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Обоыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шара барысында өрт сөндірушілер төтенше жағдайды жою тактикасын пысықтап, роботтандырылған платформаны қолданды.
Жиынға қатысушыларға қашықтан өрт сөндіруге арналған «Қалқан-7» роботының мүмкіндіктері көрсетілді. Арнайы платформа өрт сөндіру жеңін су-көбік қоспасымен бірге қауіпті аймаққа жеткізе алады. Бұл техногендік апаттар немесе адам өміріне қауіп төнген жағдайларда жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ құрылғының конструкциясы қойылған міндетке байланысты қосымша жабдықтар орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай жаттығулар өнеркәсіптік нысандарда заманауи технологияларды енгізу мен мамандардың даярлығын арттыруға бағытталған.