Павлодарлық мейрамханада қонақтардың жаппай улану ісінің нүктесі қойылды

Жеке кәсіпкер өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен санитарлық талаптарды өрескел бұзу фактісі бойынша Bellagio мейрамханасының иесіне қатысты іс қаралды.
8 маусымда Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жедел жәрдем станциясынан 7 маусымда Bellagio мейрамханасында өткен іс-шараға келген азаматтарда жедел бактериялық ішек инфекциясы жағдайлары туралы хабарлама келіп түсті.
Сол күні эпидемиологиялық тексеру басталып, зертханалық сынамалар алынды. Тексеру барысында мейрамхананың тиісті рұқсаттарсыз жұмыс істегені анықталды.
9 маусымда қызметке тыйым салу туралы қаулы берілгеніне қарамастан, мейрамхана жұмысын жалғастырды. Соның салдарынан тамақтан улану фактілері қайта тіркелді. Тек сол күні жедел бактериялық ішек инфекциясы диагнозымен 18 шұғыл хабарлама тіркелді.
Сот отырысында жеке кәсіпкер өз кінәсін толық мойындап, құқық бұзушылықтың бірінші рет және абайсыздықтан жасалғанын түсіндіріп, соттан жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде ескеруді сұрады.
– Сот ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігін басшылыққа алып, жеке кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған әкімшілік жаза ретінде 275 240 теңге айыппұл және мейрамхана қызметін бір ай мерзімге тоқтатумен тағайындады, – деді Павлодар қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, маусым басында Bellagio банкет залында қыз ұзатуға барған 20-дан астам адам өздерін нашар сезінді. Екінші күні сол мекемеде тағы бір мерейтой өтіп, бірнеше қонақ уланды. Жалпы 67 қонаққа медициналық көмек қажет болды.
Сыртқы орта объектілерінен шайындыларды микробиологиялық зерттеу нәтижесінде металл ас үй ыдыстарынан сальмонелла табылған. Сондай-ақ пісіруге арналған табақтан алтын түсті стафилококк, жабдықтар мен ыдыс-аяқтардың шайындыларында бактерия ішек тобының таяқшалары анықталды.
Облыс прокуратурасы ҚР ҚК 304-бабының бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған еді.