Павлодарлық модель француз фотографының объективіне түсті
Арман Смайыл Парижде тәуелсіз портреттік fashion фотографпен жұмыс істеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Арманның Paris Fashion Week тегі дебюті әйгілі америкалық модельер Рик Оуэнстің дизайнерлік киімінде өтті. Бұл оның беделді подиумдағы алғашқы шығуы еді.
Бұл сәт Арман үшін қос дебютке айналды: ол алғаш рет әлемдік сән сахнасына шықты, ал фотосессия оның модельдік мансабында жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Француз фотографы Луи Теран денені әлемді танудың әмбебап тілі ретінде қарастыратын көркемдік тәсілімен танымал. Ол жас қазақстандықтың даралығын айқын көрсете білді. Оның жұмыстары халықаралық журналдарда жарияланып, беделді көрмелерде, соның ішінде Rencontres d'Arles алаңында ұсынылған. Енді оның портфолиосында тағы бір маңызды жоба пайда болды.
– Парижде мен Луи Теранмен таныстым. Ол көркем бағытпен қатар кинопроизводство саласында да жұмыс істейді. Бұл түсірілімді IMG Models агенттігі ұйымдастырды, себебі Луи жаңа тұлғаларды ашып, дамыту үшін агенттіктермен бірге шығармашылық добаларды жүзеге асырады, – деді Арман.

Алғашқы минуттардан бастап олар ортақ тіл тапты. Луи кәсіби шеберлігін көрсетті: жұмыс процесі нақты әрі жүйелі болды, сонымен бірге өте шығармашылық және әсерлі өтті.

Түсірілім орны да жас модель үшін ерекше мәнге ие болды. Square du Palais Galliera – сән мұражайының жанындағы Париждің таныман сән кеңістігі. XIX ғасыр сәулеті қазіргі заманмен ұйлесім тауып, тарих пен эстетикаға толы атмосфера фотосессияға мінсіз орынға айналды.
Арман фотографтың пікірін де жеткізді.
«Мен Арманды алғаш рет түсірілім алаңында көргенде жұмысымыз жайлы болатынын бірден түсіндім. Оның әр кадрды артық күшсіз әсерлі ететін ерекшелігі бар, дәл солай болды да. Мен одан не қалайтынымды көп сөзсіз жеткізе алдым. Біз бір-бірімізді жақсы түсіндік. Фотограф үшін бұл – үлкен қуаныш. Мен оның керемет модель болатынына сенімдімін».
Еске сала кетейік, Арман Павлодарда дүниеге келген. Музыкалық колледжді тәмамдап, қазір Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып жүр. Мамандығы – джаз барабаншысы. Модельдік индустрияға ол кездейсоқ келді. Нақтырақ айтқанда, үш ай бұрын оны Bacca Models Kazakhstan агенттігі байқап, көп ұзамай ол IMG Models Paris халықаралық агенттігімен келісімшартқа қол қойды.