Павлодарда түрлі мамандық иелері өз жұмыстарын көрмеге ұсынды
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Менің туған өлкем» атты фотокөрменің ашылуы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өлкетанушы және фотожурналист Жұмағали Сейтенов тоғызыншы жыл қатарынан арнайы көрмелер үшін Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет сарайында Ақсу фотографтарының жұмыстарын жинап келеді.
– Бұл көрменің ерекшелігі – қатысушылардың әртүрлі маман иелері болуында. Яғни, олар басқа салада жұмыс істесе де, шығармашылық өмірге белсенді атсалысып жатыр. Қатысушылар алуан түрлі жанрларда фото түсіреді. Мәселен, Дмитрий Шевченко табиғат пен жан-жануарларды түсіргенді ұнатады, – дейді фотожурналист Жұмағали Сейтенов.
Ақсу қаласының фотосуретшілерінің жұмыстары әртүрлі жанрларда ұсынылды: портреттер, пейзаждар, жануарлар бейнесі. Әрбір шығарма автордың даралығымен, ерекшелігімен құнды. Көрме туған жердің сұлулығын, Павлодар өңірінің дамуын көрсетеді.
– Менің шығармашылық жолым осыдан он бес жыл бұрын басталды. Мамандығым – мұғалім. Декретке шыққаннан кейін баламның фотосуреттерін жинақтай бастадым, сәби кездегі барлық шақтарын естелік болсын деген ниетпен суретке түсіргім келді. Осылайша, шығармашылыққа келдім. Мен өз ісімді тапқандаймын. Шығармашылықпен айналысуымнан ләззат аламын. Алдағы уақытта фото-студия ашқым келеді. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын! – дейді қатысушы Әйгерім Қалиева.
Экспозицияда әртүрлі кәсіп өкілдерінің 70-тен астам жұмысы ұсынылды. Олар: Светлана Калюжная, Ернұр Жұмаділов, Анатолий Романов, Арғын Нәжмиденов, Сергей Лобков, Арина Әміренова, Әйгерім Қалиева, Сергей Шапорев, Олег Ковалев, Айдар Күземшин, Елена Петрова, Сабина Өскімбаева, Дмитрий Шевченко, Лаура Иманбаева және Елена Чихичина.
Адам баласы туған жеріне деген махаббатын әртүрлі жолмен жеткізе алады. Ал Ақсу қаласының өнер адамдары мұны талантты, рухани және үлкен сүйіспеншілікпен жасайды. Себебі, өлкеміздің табиғи және рухани байлығына бей-жай қарау мүмкін емес.