Ұлыстың ұлы күні: Павлодарда орталық жағалауда киіз үйлер тігілуде
Биыл 22 наурыз күні орталық алаңда автокөлік қозғалысына шектеу қойылмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осыған орай мерекелік іс-шараларды жағалаудың төменгі жағында және қаланың шағын аудандарына көшіру туралы шешім қабылданды.
- Ертең Павлодарда Наурызды кеңінен тойланады, - деді қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Светлана Гладышева. – Мерекенің негізгі нүктесі қала тұрғындарының сүйікті орын - "Ertis Promenade" сахнасы болмақ. Мұнда сегіз киіз үй орнатылып, түрлі спорттық жарыстар өтеді.
Киіз үйлер жабдықтала бастады. Күні бойы олар толығымен дайындалып, тексеріліп, 22 наурызда қала тұрғындары үшін сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін ашылады.
Жағалаудың жоғарғы бөлігінде тәттілер, бауырсақ, шай, Наурыз көже және палау таратылады.
- Киіз үйлерде қала тұрғындары ұлттық өнермен таныса алады. Биыл Халық Банкіне жүз жыл толады, павлодарлықтар мен қала қонақтары нумизматикалық коллекцияны тамашалауға мүмкіндік алады. Сондай – ақ қазақстандық ақша жүйесінің тарихымен танысады, - деп толықтырды әкім орынбасары.
Облыстың бас сахнасында мерекелік концерт өтеді. Әртістер арасында Alatau Serileri және Nurbullin бар.