Павлодарлық нейрохирург кішкентай шетелдік қызды аман алып қалды
Баланың миына зақым келу қаупі болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үш жасар Таисия әдетінше желкесін ұстап көргенімен, қазір еш жері ауырмайтынын айтады. Себебі, балалар нейрохирургі Талғат Қасымбеков оның бас сүйегінің астында орналасқан дермоидты кистаны алып тастаған. Бала ата-анасымен бірге Новосібір қаласында тұрады. Жаңа жылдық мерекеде олар әжесіне қонаққа келген.

– Қаңтар айының басында бізге желке тұсынан іріңді бөлінділердің шығуына, дене қызуының көтерілуіне және мазасыздыққа шағымданған баланы алып келді, – дейді облыстық балалар ауруханасының дәрігері. – Бүлдіршінді қарау барысында желке аймағында ұзақ уақыт жазылмай жүрген жаралар бар екені анықталды. Жағдайды толық анықтау барысында баланың бұған дейін бірнеше рет ем қабылдағаны белгілі болды. Оған Ресей Федерациясының хирургтері ота жасап, жараны ашып, дренаж қойған. Алайда жара ұзақ уақыт жазылмай, бірде жабылып, кейін қайта ашылып, ірің бөлініп отырған.
Павлодарлық балалар хирургі өзге әріптестерімен бірлесіп, толық диагностика жүргізу мақсатында компьютерлік томография жасау туралы шешім қабылданған. Зерттеу нәтижесінде ісіктің беткі қабатта емес, бас сүйегінің терең құрылымдарында орналасқаны анықталды.

– Дермоидты ісік хирургиялық тәжірибеде жиі кездеседі және көбіне теріасты мен май тіндерінде орналасады. Әріптестеріміз оның мұндай тереңде болуы мүмкін екенін болжамаған шығар. Ісіктің миға жақын құрылымдарда орналасу жағдайлары өте сирек кездеседі. Баладан алынған гистологиялық зерттеу нәтижесі оның қатерсіз ісік екені расталды, – деп түсіндірді Талғат Қасымбеков.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдай миға зақым келу қаупіне байланысты өмірге қауіп төндіруі мүмкін болған. Нейрохирургтің сөзінше, ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы операцияны тегін жасалды. Операцияның коммерциялық құны 1,4 миллион теңгені құрайды. Айта кетейік, шұғыл жағдайларда медициналық көмек кез келген жағдайда көрсетіледі.

– Балалар облыстық ауруханасының барлық қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамыз. Әсіресе кәсібилігі мен мұқияттылығы үшін дәрігеріміз Талғат Қасымбековке ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Бүкіл отбасымыз оған шексіз алғыс айтады. Бала ұзақ уақыт қиналды, енді бәрі артта қалды, – деді Таисияның әжесі Александра Маутина.
Нейрохирургтердің айтуынша, қазіргі таңда болжам жақсы. Ісік қабырғаларымен және айналасындағы жұмсақ тіндермен бірге толық алынғандықтан, қайталану қаупі жоқ. Жара толық жазылып, бала белсенді, қалыпты өмір салтын жалғастырып жатыр.