Павлодарлық оқушылар Қазақстанның танымал мәдени-тарихи орындарына сапар шекті

Павлодарлық оқушылар Қазақстанның танымал мәдени-тарихи орындарына сапар шекті

«Туған елге саяхат» жобасы тамыз айының алғашқы сенбісінде өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

10-15 жас аралығындағы 400 бала саяхат пойызында 2 кезеңнің қорытындысында 9 294 км жолды еңсеріп, Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңыр аймақтарындағы көрікті жерлерінде болды.

Сонымен қатар, қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына үн қосып, сапар бойы экологиялық өмір салтын қалыптастырды.


Жобаның бас демеушісі - «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» КҚ өкілдері елордадағы қорытынды шарада жобаның екінші кезеңіне қатысу бақыты бұйырған 200 баламен жүздесті. Өз кезегінде, әсерлі сапардан оралған жас саяхатшылар туған елінің барлық сұлу қырына, оның тарихына бойлап, қанығуға, достар табуға және жаңа білім алуға берілген мүмкіндік үшін ұйымдастырушылар тарапына шын жүректен алғыстарын жеткізді.

Балалардың тең жартысы Қордың шалғай аудандардағы өндірістік кәсіпорындар қызметкерлерінің балалары болса, қалған бөлігі су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасылардағы балалар. Қордың әлеуметтік саясатының негізгі қағидаты – халық игілігіне жұмыс істеу, оның ішінде әсіресе балаларға қамқорлыққа ерекше ден қойылады. Әлеуметтік жобаларымыз қоршаған ортаға жанашырлық, мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптеу сынды өмірдің сан қырын қамтуда. Осының бәрін балалар бойына сіңіріп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына күш салынып келеді, – деді «Samruk-Kazyna Trust» КҚ Корпоративтік қызметінің бас менеджері Алдаберген Кемпірбаев.

Сонымен бірге, жобаның тәрбиелік-мазмұндық жағына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы атсалысты.

Саяхатқа ең көбі Атырау облысынан 93 және СҚО 35, БҚО 35, Ақтөбе облысынан 40, Қостанай облысынан 27, Ақмола облысынан 27, Қарағанды облысынан 20, Ұлытау облысынан 4, Маңғыстау облысынан 21, Қызылорда облысынан 9, ШҚО мен Абай облысынан 28, Алматы облысынан 22, Түркістан облысынан 10, Павлодар облысынан 14, Жамбыл облысынан 9, Шымкент қаласынан 1, Ақмола облысынан 5 бала қатысты.

Бізге өте ұнады, басқа балаларға қатты бауыр басып кеттік. Көптеген қызықты жерді аралап, жаңа нәрселерге қанықтық. Еліміздің табиғаты да, адамдары да тамаша екеніне көзіміз жете түсті. Пойызда күнде үйірмелерде тәлімгерлермен ойын ойнадық, ағылшын тілін меңгердік, домбыра тарттық,– деп бөлісті Павлодар облысынан қатысқан Асанәлі мен Нұрәлі Әділбек.

Туристік пойыздың әр кезеңінде 18 маман (педагог, психолог, аниматор, медбике және тағы басқа) жұмысқа тартылды.


«Таза Қазақстан»: жас саяхатшылар 200 келіден астам тұрмыс қалдығын кәдеге жаратуға тапсырды.

3 тамыз екінші кезең саяхатшылары сапардан оралған «Туған елге саяхат» балалар пойызының қатысушылары жол бойы экологиялық дағдыларын қалыптасырып, «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты. Нәтижесінде олар жоба қорытындысында өздері болған қалаларда 200 келіден астам тұрмыс қалдығын қайта өңдеуге тапсырды.

2 кезеңде Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңыр аймақтарындағы танымал мәдени-тарихи орындарына барған 10-15 жастағы 400 бала саяхаттағы демалыстан басқа, пойызда тәжірибелі тәлімгерлермен және педагогтармен жұмыс істеп, оларға қызығушылықтары бойынша үйірмелер, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан» акциясын қолдау аясында мектеп оқушыларына экология тақырыбында шеберлік шарасы өткізіліп, жас саяхатшылар қоқысты дұрыс сұрыптауды, әрі қарай қалай кәдеге жарату керектігін үйренді. Бұл ретте вагондарға тұрмыс қалдығы түрлеріне байланысты арнайы контейнерлер орнатылды.

Пойыздағы 9 вагонның екеуі балалардың тамақтануына арналса, қалған жетеуі купелерден тұрады. Барлық вагонда кондиционер мен санитарлық торап орнатылып, медицина қызметкері қарастырылды.

Алтыншы мәрте жолға шыққан «Туған елге саяхат» пойызы арқылы бұған дейін 5 жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 3 мыңға жуық бала қамтылды.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылды.