Жаңа идеялар мен жасампаздық: Павлодардағы жастар басқосуы өтті

Форум аясында қатысушылар заманауи табыс формуласы мен болашаққа қадам басу жолдарын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар форумы аясында өткен «Қазақстанның жаңа келбеті: жасампаздықтың жолындағы жастар» атты кейс-сессияда өз салаларының майталмандары жиналып, жастарға жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті.
QBit жобасының құрастырушы инженері, Forbes 30 under 30 тізіміне енген ұстаз Рүстем Ермеков жас буынға табысқа жету үшін оңай жол іздеудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
– Мен ешқашан жеңіл пайдаға ұмтылған емеспін. Әрдайым ұзақ мерзімді, ауқымды нәтижеге жеткізетін, мәні терең жобаларды іздедім. Қысқа уақыт ішінде пайда тауып, соған қанағаттану туралы ұсыныстар аз болмады, бірақ мен әрдайым үлкен тарихқа айнала алатын жолды таңдадым, – деді QBit жобасының авторы.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда жасанды интеллект – кез келген жұмысты тиімді орындауда мықты құрал. Ең бастысы – одан қорықпай, оны дамыту мен жетілдірудің жолдарын іздеу керек.
– ChatGPT-пен жұмыс істей отырып, мен оны идеялар генерациялау және оңтайлы шешімдерді табу құралы ретінде пайдаланамын. Мысалы, қазір мен білім беру гаджетін әзірлеп жатырмын және оның корпус пішінін таңдағым келді. Жасанды интеллект көмегімен бір күнде 20–30 түрлі нұсқасын жасап, өзіме ең қолайлысын таптым, – деді Рүстем Ермеков.
Ал IBars-kids жобасының негізін қалаушы Қазбек Сағидолданың жолы өзгеше өрбіген. Ол бастапқыда тез әрі жылдам жетістікке жетуді мақсат тұтқанын жасырмады.
– Менің табиғатым Рүстем мырзадан өзгеше. Еңбек өтілімім 10 жыл болса да, мен осы уақытқа дейін 8 жерде жұмыс жасадым. Асығыстықтың кесірінен қателіктер жібердім. Алайда, асықпай жүрсем немесе қорқа жүрсем осындай нәтижеге жетпес едім, – деді Қазбек Сағидолда.
Оның пікірінше, бір ғана мамандықпен немесе салада шектеліп қалу қажет емес, бастысы – әрдайым даму үстінде болу.
– Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімімін. Неге мен шектелуім керек? Мен өзімнің қызығушылығымды IT саласымен байланыстыра алдым. Соның негізінде екі үлкен жобаны аяққа тұрғыздым, – деді ол.
Айта кетейік, IBars-kids жобасы 2-5 жас аралығындағы балаларға арналған қазақ тіліндегі қосымша. Балалар ойын ойнау арқылы қазақ тілін меңгереді.
Форумда өз тәжірибесімен басқа спикерлер де бөлісті. Астанадан келген кәсіби бағдар маманы Жасұлан Қуандық мамандық таңдауда неге сүйену керегін айтып, өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін адамдарға қатысты статистика келтірді. Семейлік музыкант, шетелдік танымал орындаушыларға музыка жазатын Ерканат Ерғазыұлы жастарды қорықпай, батыл қадам жасап, креативті болуға шақырып, қазіргі заманда soft skills кәсіби дағдылардан кем емес маңызды екенін еске салды. Ал Атыраудан келген фельдшер Эльвира Каримова өз мамандығының жоғары жауапкершілік пен эмоционалды жүктемені қамтитын қиындықтары жайлы ашық айтып, істі сүйіспеншілікпен атқару барлық сынақтан өтуге көмектесетінін атап өтті.
Еске сала кетейік, Павлодарда 11 тамыз күні басталған республикалық жастар форумы халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылды.