Павлодарлық оқушылар ел бойынша саяхатқа шықты
Олар бірнеше қалаға барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім басқармасы облыс орталығындағы мектеп оқушыларының қалай демалатынын айтып берді. 45 мыңнан астам бала демалыстарын түрлі іс-шараларға қатысумен өткізбек.
– Қала мектептері ата-аналардың қолдауымен Астана, Түркістан және Алматы қалаларына экскурсиялар ұйымдастырады. Саяхатқа барлығы 120-дан астам оқушы аттанады, – деп түсіндірді қала әкімдігі.
Павлодардағы сегіз мектептен тыс мекеме мен 17 аула клубы көктемгі демалысты ұйымдастыруда. Онда 20000-нан астам бала қамтылатын болады. Өз жобалары шеңберінде қосымша білім беру мекемелерінде музыкалық, техникалық, көркемдік, лингвистикалық бағыттағы іс-шаралар мен экскурсиялар, спорттық жарыстар жоспарланған.
10 мыңға жуық мектеп оқушылары Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрына, Чехов атындағы облыстық драма театрына, кинотеатрлар мен қаланың мұражайларына барады.
– Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарының үйірмелерінде екі мыңнан астам бала айналысады. Мектептерде Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар өткізіледі, – дейді білім басқармасында.
Бұл — ұлттық киімдердің көрсетілімі, қайырымдылық жәрмеңкелері, концерттер, қаланың құрметті тұрғындарымен, ұстаздық еңбек ардагерлерімен кездесулер. Түрлі ұлттық турнирлер – тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту – балалардың жалпыға ортақ мереке атмосферасына енуіне мүмкіндік береді.