Павлодарлық оқушылар облыстық STEM-олимпиадасында ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдылары бойынша сынға түсті

Павлодарлық оқушылар облыстық STEM-олимпиадасында ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдылары бойынша сынға түсті

Олимпиадаға Павлодар облысының білім беру ұйымдарының 7-9-сынып оқушыларының командалары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Павлодар облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыстық дарынды балаларға арналған көпсалалы лицей-интернатының базасында білім беру ұйымдарының зияткерлік дарынды мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту мақсатында облыстық STEM-олимпиадасы өтті.

Олимпиадаға Павлодар облысының білім беру ұйымдарының 7-9-сынып оқушыларының командалары қатысты. Білім додасы 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қашықтықтан үй тапсырмасын орындау болса, екінші кезең олимпиаданың күндізгі кезеңі өтті. Оған 5 команда қатысты. Жалпы бірінші кезеңге 20 мектеп тіркеліп, қатысқан. 

- Бүгінгі таңда дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернаты Павлодар облысында STEM-білім беруді дамыту жөніндегі әдістемелік орталық болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс Павлодар облысының білім беруді дамытудың инновациялық орталығымен келісілген іс-шаралар жоспары бойынша жүргізілуде. Осы жоспарға сәйкес дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернаты білім беру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Аталмыш жоба аясында оқу-әдістемелік жинақ шығара отырып, жаратылыстану-математикалық цикл мұғалімдеріне арналған «Үздік STEAM-сабақтары» атты облыстық байқау өткізу жоспарлануда, - делінген хабарламада.

Олимпиада барысында қатысушыларға бағыт парағы беріліп, "Робототехника", "Инженерлік іс", "Бағдарламалау", "Дизайн", "Жаратылыстану ғылымдары", "Математикалық сауаттылық" сияқты өзекті ғылыми пәндер бойынша тапсырмаларды орындады.

Тәжірибе барысында қатысушылар зерттеу мақсатын тұжырымдап, қажетті құрал-жабдықтарды таңдай отыра, экспериментті жоспарлап жүргізді. Оның барысында өлшеу нәтижелерін өңдеп, қорытынды жасады.

Олимпиада қорытындысы бойынша 1-орынға №3 гимназияның командасы ие болды. Ал 2-орынды «Жас дарын» мектеп-лицейінің командасы иеленсе, үздік үздікке № 8 мектеп-лицейінің командасы ие болды.

«Тиімді басқару» аталымында № 14 ЖОББМ командасы және «Шығармашылық шешім» аталымында Абай атындағы гимназиясының командасы марапатталды.