Ақсу ауылдық аймағында кәмелетке толмағандар мотоциклмен жарысқан
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік материалдар толтырылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 мамырда Ақсу қаласының полиция бөліміне 102 мобильді қосымша арқылы Евгеньевка ауылында мотоциклшілер жарыс ұйымдастырып жатқаны туралы хабарлама түскен. Хабарламаны пысықтау барысында басқаруға құқығы жоқ үш мотоцикл көлігінің жүргізушілері ұсталды. Бұдан басқа, біреуінде нөмірлік белгілер болмаған.
– Осы жағдай бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік материалдар толтырылды. Әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК 2-бөлігінің 590-бабы бойынша бір материал толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деп хабарлады Ақсу қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Темірбек Шаудыров.
Сол күні Ақсу кентінде мас күйінде ұсталған мотоцикл жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, сотта қаралды. Қалалық сот 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.
Айта кетерлігі, 2023 жылдың өткен кезеңінде Ақсу ауылдық аймағында 2236 жол қозғалыс ережесін бұзушылықтың жолы кесіліп, барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды.