Павлодарлық оқушылар Президенттік олимпиадада үздіктер қатарына енді
Олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірінен 11–12-сыныптың 201 үздік оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астанада 11-сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық цикл пәні бойынша XVIІІ Президенттік олимпиада өтті. Павлодар облысының намысын 17 оқушыдан тұратын команда қорғады.
– Павлодар өңірі республикалық алаңға шықса – міндетті түрде нәтижемен оралатынын дәлелдеді. Астанада өткен XVIII Президенттік олимпиадада №8 мектеп-лицейінің сегіз оқушысы жалпы алты медальді иеленді: бір алтын, үш күміс және екі қола, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенова.
I дәрежелі дипломмен Михаил Мельников марапатталды. II дәрежелі дипломдарға Юлиана Захарченко, Роман Шатилов және Алькей Хамитов ие болды. III дәрежелі дипломды Полина Кириченко мен Айлин Сүлейменова жеңіп алды.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасымен «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Бекмырза Құдайберген марапатталды.
– Біздің балалар павлодарлық мектептің басты ерекшелігін айқын көрсете алды: жоғары дайындық деңгейін, ерекше ынтасын және нық білімін. Бұл медальдар – ұстаздарымыздың кәсібилігінің және біртұтас команда жұмысының нәтижесі. Павлодар облысы білім сапасының жоғары мәртебесін сенімді түрде ұстап тұр. Өңірдің үздік позициясын одан әрі нығайта береміз, – деді Айгерім Әбенова.
Президенттік олимпиада – бұл еліміздің дарынды оқушыларын анықтауға көмектесетін және олардың әлеуетін іске асыруға қолдау көрсететін бірегей жоба. Президенттік олимпиадаға қатысушылардың жұмысын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлері, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының PhD докторлары мен магистрлері бағалады.