Павлодарлық полицей әлем чемпионатында алтын иеленді

Павлодарлық полицей әлем чемпионатында алтын иеленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Одан бөлек ол екі рекорд орнатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қарағанды қаласында пауэрлифтингтің ұлттық ассоциациясы ұйымдастырған күштік спорт түрлері бойынша «Altyn batyr» ашық әлем чемпионаты өтті.

Жарысқа тоғыз елден спортшылар қатысты. Ең мықтылар сынға түскен додаға Павлодар облысының полицейі Әсел Абдраманова да қатысып, үздіктер қатарынан көрінді, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Өзінің жас санатында тәртіп сақшысы үш номинация бойынша – трэп-грифпен станоктық тарту, классикалық Hip Thrust және штанганы бицепске классикалық көтеру сайыстарында қарсыластарынан басым түсіп, үш алтын медаль жеңіп алды.

Спорт тәртіп сақшыларының қызметінде маңызды рөл атқарады. Дене дайындығы бізге тәртіпке үйретіп, рухани күш береді. Жеңіске жету үшін ең бастысы – тұрақты жаттығу, табандылық және мақсатқа жетуге деген құлшыныс қажет. Қазір спортсыз өмірімді елестете алмаймын, – деді Әсел Абдраманова.

Сонымен қатар, спортшы штанганы бицепске классикалық көтеру және трэп-грифпен станоктық тарту жаттығуларында Қазақстанның екі рекордын орнатты.

Фотосуретті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды